ДӘУІРДІҢ ДАРА ТҰЛҒАСЫ– МҰХТАР ӘУЕЗОВ

ДӘУІРДІҢ ДАРА ТҰЛҒАСЫ– МҰХТАР ӘУЕЗОВ

2022-09-30

    Әдебиеттің асқары іспеттес тұлғаның өмірі де, өзі де дара, дана. М. Әуезов - жомарт табиғаттың жарық дүниеге тым сараң сыйлайтын бір туары. XIX ғасырдың асқар белі Абай болса, ХХ ғасырдың заңғар биігі - Мұхтар Әуезов. Бүгін М. Әуезовтің туғанына 125 жыл. Осы мерейлі күнге арнап колледжіміздің «Филология» және «Өнер» бөлімдерінің ұйымдастыруымен «Дәуірдің дара тұлғасы – Мұхтар Әуезов» тақырыбында әдеби-танымдық кеш болып өтті. Кештің мақсаты – ұлтымыздың мақтанышы, заманымыздың заңғар жазушысы Әуезовтің өмірі мен шығармашылық жолын насихаттау, шығармаларын, еңбектерін зерделеу, жас ұрпақтың рухани-танымдық әлеуетін дамыту, тұлғаларды құрметтеуге тәрбиелеу. Әдеби-танымдық шарада «Жас толқын» үйірмесінің мүшелері ұлы тұлғаға арнаған жүрекжарды арнау өлеңдерін нақышына келтіре орындады. «Ізденіс» студенттік ғылыми қоғамының белсенді студенттері М. Әуезовтің өмірі, шығармашылығы туралы таныстырылым жасап, кең мағлұмат берді. Студенттер жазушының шығармаларын оқып қана қоймай, кейбір туындыларын жаттап та алған. «Мәншүк тобының» білім алушысы бірнеше әңгімесін мәнеріне келтіре жатқа оқыды. Әуезовтің әлемдік деңгейдегі «Абай жолы» роман-эпопеясынан «Жас толқын» үйірмесінің студенттері көрініс ұсынды. Жазушының жарық көрген көркем шығармалырын ҚТЖ-21 тобының студенттері қысқаша мазмұндаса, колледжіміздің ұлағатты ұстаздары А.Кенжеғараева, Ғ.Мұратова әсем әнмен өрнектеді. Әдеби-танымдық шараны колледж директоры Жақсыгүл Қоханқызы қорытындылап, жастарға ұлы тұлғаларымызды құрметтеп, оның шығармаларын оқып, шығармашыл, жан-жақты тұлға болуға шақырды. Әлемге Абайдай дананы танытып, өзі де қайталанбас бірегей тұлға болып танылған Мұхтардай ұлыға арналған әдеби кешіміз білім алушыларға керемет көңіл-күй сыйлап, рухани ой-өрістерін дамытты.