Ұстазым, ұлағатым, үлгі – өнегем

Ұстазым, ұлағатым, үлгі – өнегем

2022-10-01

    Білім ордасында «Филология» бөлімінің ұйымдастыруымен «Ұстазым, ұлағатым, үлгі – өнегем» атты ұстаздар күніне арналған мерекелік әдеби-сазды кеш өткізілді. Шараға бөлімнің ардагер ұстаздары, атап айтқанда, білім ордасында 40-50 жылдан астам педагогикалық қызмет жасаған, білім жүйесіндегі білім беру мен тәрбие үрдісін ұйымдастырудағы және жетілдірудегі шығармашылық еңбегі мен табысы үшін әр кезеңде түрлі марапаттарға ие болған Аманкүл Қойшыбаева, Бибіхан Сүлейменова қатысты. Ұрпақтар сабақтастығын паш еткен атаулы шараның мазмұнына қарап, ұрпақтар сабақтастығының нағыз көрінісі деуге болады. Себебі, бар саналы ғұмырларын ұрпақ тәрбиесіне арнаған аға ұрпақтың айтары көп, жастарымыздың алары мол. Студенттеріміз ардагерлердің ғылым мен білім жолындағы қажырлы еңбек жолдарымен, бай тәжірибелерімен танысып, ардагер ұстаздарға музыкалық сәлемдерін әсем ән мен мың бұралған билерін шашу етіп, жүректен жарып шыққан өз өлеңдері мен гүл шоқтарын сыйға тартты. Қонақтар студенттерге жан-жақты өнерлі де білімді маман болуға жарқын лебіздерін білдірді. Шара соңында ардагер ұстаз Аманкүл Қойшыбайқызы: «Ұстаз әр адамның жанына білім дәнінен сеуіп, әр шәкіртін аялап, өмір атты шексіз ғаламға топшысын қатайтып ұшырады. Дәлірек айтсақ, адамды өмір сүре білуге тәрбиелейді. Сол үшін бойындағы асыл қасиеттерін шәкірттеріне сіңіріп, тер төгеді. Осындай игілікті шараны ұйымдастырып отырған "Филология" бөліміне алғысымыз шексіз»-деп пікірін білдіріп, жас өрендерімізге батасын берді. Аталмыш іс-шара студенттердің үлкенге деген құрметтерін одан әрі жандандырып, мамандыққа деген қызығушылықтары мен белсенділігін арттыруға үйретті.