ҰЛЫЛАР ЕЛІНЕ САЯХАТ

ҰЛЫЛАР ЕЛІНЕ САЯХАТ

2022-10-12

    5-7 қазан күндері Семей мұғалімдер семинариясының түлегі, Қазақ КСР Ғылым Академиясының академигі, қоғам қайраткері, қазақ әдебиетінің классигі М.О.Әуезовтің 125 жылдық мерейтойы аясында «Әуезов әлемі» атты танымдық-шығармашылық фестиваль өтті. Бірінші күні М.О.Әуезов атындағы педагогикалық колледжімен, «Абайтану», «Әуезовтану» орталықтарымен танысып, мәжіліс залында «М.Әуезов мұрасы және бүгінгі руханият әлемі» тақырыбында Әуезовтанушы ғалымдармен кездесу өтті. Фестиваль аясында «СӨЗ ҚҰДІРЕТІ» тақырыбында ТжКББ жүйесіндегі педагогикалық колледждер білім алушылары арасында өтетін республикалық мәнерлеп оқу байқауына Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінен Нұрлыбекқызы Ақмаржан қатысып, «Алғыс хатпен» марапатталды. Үшінші күні «Шыңғыстау – тағзым етер нұр тұрағым!» ұлылар мекеніне сапармен жалғасты. Сапар барысы Күшікбай асуы, Бөрілідегі М.О.Әуезов мұражайы, Абайдың дүниеге келген жері, Сырт Қасқабұлақ, Еңлік-Кебек ескерткіші, Ақшоқы, Шілікті кезең т.б. көптеген жерлерге қатысты тарихи оқиғалар барысы туралы Бөрілідегі М.О.Әуезов мұражайының директоры Шағжан Исабаевтың танымдық-тағылымдық әңгімесімен өріліп отыруы алған әсерлерімізді еселей түскендей болды. Фестивальға қатысушылар Абай, Шәкәрім, Мұхтар және Алаш ардақтыларының елінен оралған соң, колледж оқытушылары мен студенттеріне алаштың ұлы тұлғалары мекеніне барып, олардың жүрген іздерімен жүріп, алақандарының табын сезініп, көрген-түйгендерінен алған әсерлерімен бөлісті. Ойхой, Абай даласы «Абайлаған», Семей десе – Абай деп қарайды адам... – деп ақын Мұқағали Мақатаев жырлағандай, Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінен, «Шыңғыстау: М.О.Әуезов шығармаларының ізімен» аспан астындағы театр қойылымдары, Қарауылдағы «Қаламқас» халық ән-би ансамблінің концерті, Құнанбай қажы музейі, Жидебайдағы Абай-Шәкәрім мемориалдық кешені т.б. сапар барысында көзбен көріп, көңілге түйген жайлар фестивальға қатысушылары жадында мәңгілікке сақталатыны, әр сабақ өткен сайын санамызда жаңғырып, рухани кемелділікке жетелейтіні сөзсіз.