Қызылорда облысының білім басқармасының басшысы Шермағанбет Мейрамбек Зинабдинұлы М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжіне келіп, білім ордасының жай-күйімен танысты. Колледж директоры Жақсыгүл Коханқызы оқу ордасының соңғы жылдары қол жеткізген жетістіктерін тілге тиек етіп, «Құзіреттілік орталығы» және «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» мамандығының «Дуалды оқыту алаңының» жұмыс барысын атап өтіп, студенттердің енгізген жаңа жобаларымен таныстырды. Облыстық білім басқарма басшысына М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің кітапхана жүйесімен, кітап оқуға қатысты «Оқуға құштар орта» жобасымен және оқу орнының «Co working» орталығының мақсат – міндеті және жоба бойынша онда ұйымдастырылатын жұмыстар жайлы хабардар етілді. Сонымен қатар, Мейрамбек Зинабдинұлына «Білім нұры» педагогикалық сабақтастық галереясы жайлы таныстырылып, жан-жақты мағлұмат берілді. Басқарма басшысы колледжді аралау барысында алдымен сабақ барысы, студенттердің жатын орындары мен жылыту маусымына дайындығын пысықтап, колледж асханасының ас мәзірімен танысты. Сондай-ақ, білім ошағының тыныс-тіршілігін бақылап, үйірме жұмыстары мен мәжіліс залы, спортзал және колледж жанындағы шеберхана жұмысымен де танысты. Өз кезегінде, облыстың бас ұстазы әріптестеріне жұмыс барысында сәттілік тілеп, студенттердің сапалы білім алуын жіті назарға алатынын алға тартты.