Бүгін М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінде 25 қазан – Республика күніне орай «Қыран елім – Қазақстаным» тақырыбында салтанатты жиын өткізілді. Шараға Қызылорда облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ізімбетов Әзизбек Жәнібекұлы, колледж директоры Тоғанова Жақсыгүл Қоханқызы, колледж ұжымы мен студенттері қатысты. Салтанатты жиында Қазақстан Республикасының мемлекеттік туы көтеріліп, ҚР гимні орындалды. Ұлттық мерекеге арналған салтанатты кеште облыстық білім басқарма басшысының орынбасары Ізімбетов Әзизбек Жәнібекұлы сөз алып, ізгі лебізін білдірді. – М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің ұстаздар қауымын, болашағынан үлкен үміт күткен студенттерімізді 25 қазан –Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! 2022 жылдың 16 маусымында Ұлытауда өткен құрылтайда Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынған болатын. Осылайша, 12 жылды артқа тастап қайта бекітілген бұл мереке еліміз үшін де айрықша маңызға ие. Сыр бойындағы тарихы терең, маңдайалды оқу орындарының бірі – М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінде жыл сайын осы оқу орнында білім аламын деген студенттер саны артып келеді. Білім ордасындағы артымыздан ерген іні-қарындастарымыздың сабақ процесін, шығармашылығын бақылап, еліміздің білім беру саласының жарқын екендігіне көз жеткіземіз, сондай-ақ Отанға деген сүйіспеншіліктің, білімге деген құштарлықтың лебі колледж шәкірттерінің бойынан байқалады. Болашақ ұстаздарымыздың келешегінен мол үміт күтіп, әлі де талай белестерді бағындырарына сеніміміз мол! Тәуелсіздігіміз барша жұртымыздың патриоттық рухымен асқақтай берсін, – деді Қызылорда облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Әзизбек Жәнібекұлы. Шара барысында ұлағат ұясының белсенді ұстаздары мерекеге орай Қызылорда облысы білім басқармасының алғыс хатымен марапатталды. Халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаты «Япурай» хоры «Елім-ай» әнін орындап, «Жас толқын» шығармашыл жастар үйірмесі ақындардың жырлаған жүрекжарды өлеңдерін нақышына келтіріп орындады. Салтанатты жиын «Қыздар» квартетінің «Қазағым-ай» әні, «Нұргүл» халықтық ән-би ансамбілінің «Үкілі қыздар» мың бұралған биі мен «Жігер» квартеті орындауында «Қазақстаным» әні жастар биімен жалғасып, өнерпаздарымыз ән-күйден шашу шашып, көтеріңкі көңіл- күй сыйлады.