МӘҢГІЛІК МАЗДАҒАН ҚЫРШЫН ҒҰМЫР…

МӘҢГІЛІК МАЗДАҒАН ҚЫРШЫН ҒҰМЫР…

2022-10-24

    Бүгін қазақтың қаhарман қызы Мәншүк Мәметованың туғанына – 100жыл. Осыған орай білім ордасында «Мәншүк» тобының ұйымдастыруымен «Мәңгілік маздаған қыршын ғұмыр» тақырыбында патриоттық іс-шара өткізілді. Қазақтың біртуар батыр қызы М.Мәметованың есімін 70 жылдан астам уақыт мақтанышпен ту етіп көтеріп келе жатқан ұлағат ұясы оқу-тәрбие үдерісінде кешегі тарихтан мирас болып қалған Ұлы Ерлікті кейінгіге насихаттап отыруды, сол арқылы жас ұрпақтың бойында отаншылдық рухты, елжандылықты, жаңа қазақстандық патриотизмді қалыптастырудағы қасиетті парызы деп санайды. Бұл – әлемде теңдесі жоқ ерлік жасаған Мәншүкке деген ұжымның мәңгілік құрметі, қасиетті естелігі болмақ. Колледждің ең үздік, белсенді және жетістігі мол «Мәншүк» тобының ұйымдастыруымен өткен шарада жауынгер ару рухына арналған ән шырқалып, қаһарман қыз үшін арнау оқылды. Топ студенттерінің жетістіктері жеке айтылып, әр білім алушы өз өнерін паш етті. ҚТ-Ж-20 оқу тобының жігерлі,ер-жүректі қыздары ашық аспан астында жиылған жұртшылыққа қан майдан өмірінен қойылым көрсетті. Мәншүк бейнесін сомдаған студенттердің өнері көпшілік қауымның көзіне жас үйірді. Шара барысында колледж ауласындағы «Мәншүк» ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, рухы бір минут үнсіздікпен еске алынды. Мерекелік шараны колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлдана Маралбекқызы қорытындылап, М.Мәметованың ерлігі мен қайсарлығына тоқтала келіп, батыр қыздың ерлігін өскелең ұрпаққа үлгі ретінде әр күні насихатталатынын айтып өтті.