Оқу орнымызда әр бөлімнің ханзадасы мен ханшайымының өнерін, білімін және креативтілік қасиеттерін сарапқа салған "КҮЗГІ БАЛ-2022" сайысы өткізілді. Жеті бөлімнен қатысқан жеті түрлі жұп түрлі кезеңдер бойынша бақ сынап, өнерлерін ортаға салды. Кестелі сөзбен өрнектеп, тың идеялар арқылы оқу бөлімі жайлы айтып, таныстырылым сайысында сынға түсті. ????Байқаудың шартына сәйкес келесі кезеңде қатысушылар қоғамдағы ең өзекті мәселелерді көтерген бейнероликтерін көрермен назарына ұсынды. Өмірдегі ең қымбат дүние адамның өзі екенін түсіндіріп, кез-келген мәселенің шешімін сабыр мен ақылдан іздеуге насихаттайтын бейнероликтер туған тіл, зиянды әрекеттер және тағдырдың кейбір сәтсіз тұстары туралы бірқатар тақырыптарды көтерген. Ереже бойынша үшінші «Cosplay show» кезеңінде әр бөлімнің студенттері жұптардың қатысуымен сахнада өнер көрсетті. Бұл сайыста арнайы жеребе тастау арқылы заманауи мульфильмдердің кейіпкерлері таңдап алынды. Өз өнерін көрсету кезеңінде жұптар өз қалаулары бойынша бес минуттан аспайтын номер дайындады. Бірге ән шырқап, әуен аясында бейнекөріністер де көрсетті. ????Соңғы бөлімде жұптардың білімділік деңгейін бағамдау үшін ел тарихы, салт-дәстүр, колледж, қазақ әдебиеті тақырыбын қамтыған сұрақтарда сұраққа мүдірмей жауап бергендер де, сыннан сүрінгендер де болды. Төрт кезеңді қамтыған күзгі бал сайысына ақпараттық мониторинг бөлімінің меңгерушісі Роза Шермаханова және директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлдана Исаева, кітапхана меңгерушісі Зульфия Пазылова және оқу бөлімінің меңгерушісі Айнұр Рахымжан төрешілік етті. Қазылар алқасының шешімімен «Өнер» бөлімі «ҮЛГІЛІ ЖҰП», «Дене тәрбиесі және спорт» бөлімі «ЖАРАСЫМДЫ ЖҰП», «Физика, математика және ақпарат» бөлімі «ІЗДЕНІМПАЗ ЖҰП», «Бастауыш білім берудің педагогикасы мен әдістемесі» бөлімі «ИНТЕЛЛЕКТУАЛДЫ ЖҰП», «Филология» бөлімі «ӨНЕРЛІ ЖҰП» және «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» бөлімі «КРЕАТИВТІ ЖҰП» номинацияларын иеленіп, «Шетел тілі» бөлімінің жұбы «КҮЗ ХАНЗАДАСЫ МЕН ХАНШАЙЫМЫ» атанды.