Ұлағат ұясында ұстаздар мерекесіне орай ардагер ұстаздардың қатысуымен «Үлкендер жолы-ұлылық, ұрпағы жүрер ұғынып» тақырыбында мерекелік әдеби-сазды кеш өткізілді. Салтанатты шараға Қызылорда қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Ермағамбетова Күләй Сағындыққызы мен колледждің ардагерлер кеңесінің төрайымы Әбдіхалықова Әлима Жақыпқызы қонақ болып, колледж директоры Тоғанова Жақсыгүл Қоханқызы және бірқатар оқытушылар қатысты. Кездесу кешіміздің алғашқы сөзі колледж директоры Жақсыгүл Қоханқызына беріліп, ізгі лебізін білдірді. Сондай-ақ, саналы ғұмырының басым бөлігін шәкірт тәрбиесіне, білім саласына қызмет етуге арнаған және адамгершілігімен айналасына сыйлы бола білген аяулы ұстаздарымыздың еңбегін бүгінгі жас ұрпаққа үлгі етті. Салтанатты жиында Күләй Сағындыққызы мен Әлима Жақыпқызы ұстаздық қызмет еткен жылдарындағы естеліктерімен бөлісіп, жоғары деңгейде ұйымдастырылған шара үшін колледж ұжымына жылы лебізі мен ризашылығын білдірді.«Жас толқын» жас ақындар үйірмесінің ардагер ұстаздарға арналған жүрекжарды арнау өлеңдерін оқыды. «Өнер» бөлімінің талантты өнерпаздарының орындауында «Ұстазым» әні шырқалды. Сондай-ақ колледждің өнерпаз жастары музыкалық қойылым қойып, ұстаздар қауымына арналған ән шашуларын тарту етті. Үлкендер жолы - ұлылық, Ұрпағы жүрер ұғынып. Қанық боп ұстаз сырына, Кеш өтті сондай жылылық. Бүкіл саналы ғұмырын ел игілігіне арнаған, білім дәнін себуде мамандығына адалдық таныта білген ардагер-ұстаздарымызға мың алғыс! Ел дамуы жолындағы берекелі бейнеттің зейнетін көріп, ұзақ жасаңыздар!