ЕРТЕ НЕКЕНІҢ ЕРТЕҢІ КҮМӘНДІ

ЕРТЕ НЕКЕНІҢ ЕРТЕҢІ КҮМӘНДІ

2022-11-10

    Қызылорда облысының білім басқармасының ұйымдастыруымен жыныстық тиіспеушілік, ерте жүктіліктің алдын алу бағытында денсаулық сақтау саласы мамандарымен бірлескен «Ерте некенің ертеңі күмәнді» тақырыбында денсаулық сағаты өткізілді. Шараға «Облыстық жастар денсаулығы»орталығының валеолог маманы Гүлназ Мазқожа, №1 емхананың гинеколог дәрігері К.К Ранова, «Әли-Нұр» клиникасының жалпы тәжірибелік дәрігері Н.А.Кәметова, колледж мейірбикесі Г.Айжанова, колледж психологтары Ж.Уәлибекқызы мен Н.Жүрсінбек және бірқатар оқытушылар мен студенттер қатысты. Мақсаты: ерте жүктіліктің алдын алу, әдет-ғұрыпты, салт-дәстүрді қыз баланың бойына сіңіре отырып, келешекте ана алдында қоғамның, ұлттың тыныс-тіршілігі барысындағы үлкен жауапкершіліктің тұрғандығын сезіндіре отырып, ерте тұрмыс құруға асығыс шешім қабылдамау, өз-өзіне сақ болудың медициналық алғышарттарын түсіндіру. Аймақтық №1 емхана гинеколог дәрігері Ранова Клара Кожамуратовна «Ерте жүктілік және оның жасөспірім қыз балалардың денсаулығына зияны» атты баяндама оқып, отбасын жоспарлауға байланысты маман пікірі тыңдалды. Сондай-ақ, №1 емхананың психологы Оразалиева Жазира Болатқызы ерте тұрмыс құрудың салдары мен психологияға әсерін түсіндірді. «Облыстық жастар денсаулығы»орталығының маманы Гүлназ Мазқожа: «Қазақстанда жыл сайын мектеп пен студенттік кезеңдегі қыздардың 10 мыңы жасанды түсік жасататынын айтты. Түсік тастаған қыздың екінші рет құрсақ көтеруі екіталай. Жасанды түсік жасататын қыздардың 30%-ы онкологиялық, гинекологиялық ауруларға шалдығады. Арақ-шарапқа, темекіге әуес бақылаусыз жеткіншектер осы қадамға біртабан жақын. Ата-анасы шектеу қойған соң бала да өз тағдырына алаңдай қоймайды. Қазақстан зерттеу агенттігі жүргізген сауалнама қорытындысына сүйенсек, қазіргі таңда 16-17 жастағы қыздардың 30%-ы жыныстық қатынасқа түскен. Ата-аналардың бала сүйгендегі 75% қуанышы алғашқы сәбиіне арналады екен. Бұдан шығатын қорытынды жасөспірімдік кезеңде әрбір жас ата-ана бақылауынан тыс қалмауы керек және өз еркімен саналы түрде өз-өзін басқара білуі тиіс»,- деп сөзін түйіндеді. Шара соңында бойжеткендер тарапынан сала мамандарына бірқатар сауалдар қойылып, салауатты өмір салтын қалыптастыру жолдары жайында ақпараттар берілді. Колледж психологтары қатысушыларды психологиялық қолдау мақсатында «Су патшалығына саяхат», «Мольберт бойындағы суреттер» атты семинар-тренинг жүргізді. Тренинг барысында толық және қызықты мағлұмат алған студенттер алғыстарын білдіріп, пікірлерімен бөлісті.