«ІЗДЕНІС» студенттердің ғылыми қоғамының жылдық жоспарына сәйкес колледж білім алушыларының арасында «Үздік ғылыми жоба – 2022» ғылыми жобалар байқауы ұйымдастырылды. Мақсаты - колледж студенттерінің ғылымға деген қызығушылықтарын арттырып, жаңа дүниелердің қыр-сырын ашуға баулу. Байқау барысында студенттер жалпы ғылыми жаңалықтар, әдебиеттану, тіл білімі, биология, химия бағыттары бойынша бақ сынап, өздерінің ғылыми дәлелдемелері мен ұсыныстарын білдірді. Сайысқа қатысушылар арасында тақырыптың өзектілігі, ғылымилығы мен жаңашылдығы, жұмыстың құрылымы, рәсімделуі, сондай-ақ, қатысушының сөйлеу мәнері бойынша критерийлер назарға алынды.Білікті қазылар алқасының шешімімен: І орынды И-И-21 оқу тобының студенті Құрманғазы Абдуали; ІІ орынды МДБ-Т-19 оқу тобының студенті Нурымбетова Сәуле; ІІІ орынды ДТ-Ф-19 оқу тобының студенті Ғалымжанұлы Қажыбек иеленді. Сонымен қатар, «Зерделі зерттеуші» номинациясымен ББ-Б-19 оқу тобының студенті Каирбек Нұрсұлу, «Алғыс ой» номинациясымен КБ-20 оқу тобының студенттері Әбзи Нұрсила мен Нұрлан Фариза марапатталды. Жобаға қатысушылар «Алғыс хатымен» марапатталып, жеңімпаз қатысушыларға естелік сыйлықтар табысталды.