МӘНШҮК ДЕГЕН – АРДАҚТЫ АТ

МӘНШҮК ДЕГЕН – АРДАҚТЫ АТ

2022-12-13

    Мәншүк Мәметованың туғанына 100 жыл толуына орай Мақсат Тәжмұратов бастаған, Айнұр Мұратова жолдаған #Мәншүк100 эстафетасын Мәншүк Бақытжанқызы қабыл алды! Дүйсехан Мәншүк Бақытжанқызы – 2005 жылы Қызылорда облысы, Шиелі ауданында дүниеге келген. Бүгінде М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің «Өнер» бөлімінің КЕ-21 оқу тобының студенті. «Мен Дүйсехан Мәншүк Бақытжанқызы. Есімімді нағашы атам батыр Мәншүк апамыздай алғыр, батыл ару болсын деп Мәншүк қойған. Батыр қыз есіміндегі құтты мекенде білім алумен қатар, қаһармандықтың үлгісін танытқан Шығыстың қос шынарының бірі - Мәншүк батырдың ұлы есімі маған бұйырыпты. Отан үшін от кешкен ұлы батыр апамыздың «Мәншүк» есімін иелену кеуде тұстағы жұмыр етке мақтаныш сезімін ұялатады. Кешегі сұм соғыс, қан майданнан бері бүгінгі күнімізге шейін Шығыстың шоқ жұлдызы, ұлық ұлттың қаһарманы Мәншүк апамызды қастерлеу біздің борышымыз. Мәншүк апамның қанында бар қайсарлық менің бойыма дарыған. Сұрапыл жылдары қазақ халқының өз Отанына, жеріне деген патриоттық сезімін, ұлттық мақтанышы ретін де дәлелдеген Мәншүк апамның есімімен, ерлігімен әрқашанда мақтан тұтамын! Болашақта «Мәншүк» деген аяулы да, ардақты есімге кір келтірмеуді, Отан алдындағы борышым деп есептеймін!» , – дейді Мәншүк Бақытжанқызы. ????Мәншүк Мәметованың өмірі мен тағылымы негізінен «Ерлік шамшырағы» кітабынан дерек: 1941 жылы Мәншүк білім алып жатқан медицина институты әскери даярлық өтетін батальон ұйымдастырады, оған Мәншүк қатысып, саяси жетекші қызметін атқарады. Міне, осы оқиғалардан-ақ оның Отанына деген шынайы сезімін, әкесіне тартқан ұлтжандылығын сезуге болады. Мәншүк соғыс басталғанын естісімен-ақ, майданға бару, елі үшін қасық қаны қалғанша шайқасу ойымен 1942 жылы бірнеше рет өтініш жасап, Алматы қаласының Сталин аудандық комсомол комитетіне арыз береді. Мұнан да нәтиже болмаған соң, сонау Мәскеуге телеграмма жолдайды. 1942 жылдың 10-тамызында Алматы қаласында құрылған 100-атқыштар бригадасының құрамында Мәншүк Отан қорғау үшін өз еркімен сұранып, майданға аттанады. Алғаш рет 1942 жылдың 25-қарашасында ұрысқа кіріседі. Небір алапат шайқастарға қатысып, ерліктің ерен үлгісін танытып, 1943 жылдың 15 қазанында Невель қаласының түбінде болған шайқаста, бар болғаны 21 ғана жастағы Мәншүк Мәметова ерлікпен қаза табады. 1944 жылдың 1-наурызында КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумы жарлығымен пулеметші, сержант Мәншүк Мәметоваға Кеңестер Одағының Батыры атағы берілді.