М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінде жылды қорытындылау мақсатында «Жаңа жыл – жаңа белес, жаңа арман!» атты үздіктерді марапаттау кеші ұйымдастырылды.
Аталған мерекелік жиында жыл бойғы мемлекеттік мерекелер мен мерейтойлар аясында өткізілген шараларды қорытындылап, білім мен тәрбие процесінде жоғары жетістікке жеткен оқытушылар мен студенттер марапатталды. Атап айтар болсақ, «Үздік әлеуметтік серіктес» марапатымен 264 мектеп лицейінің директоры Тумурзаев Бек Сұлтанбекұлы және «Белсенді ата-ана» Есенбаева Шолпан Әріпбайқызы марапатталды.
— Барша адамзат өткен жылға есеп беріп, жаңа жылдан жақсылық, жаңалық күтеді. Жаңа жылға үміт, сенім, таза ниетпен қадам басқанды қалайды. Өйткені, Жаңа жыл – болашаққа жаңа жоспарлар, жарқын бастамалар, тың идеялар, креативті жобалар! Бәріміз бірге қызмет жасап жатқан ұлағат ұясының өсіп өркендеуінде сіздердің жасап жатқан еңбектеріңіздің үлесі өте зор.
Tарих қойнауында енгелі отырған Барыс жылында бірлігіміздің, татулығымыздың арқасында колледжіміз үшін табысты жыл болды. Ұстаздарымыз түрлі деңгейдегі байқауларда топ жарып, студенттеріміз үздіктер қатарынан көрінді.
Биыл білім ұямызда Кеңес Одағының батыры М.Мәметованың туғанына 100 жыл және оқу орнының құрылғанына 90 жыл толуына орай «Жастық жалынымыз – сүйікті отанымызға» атты республикалық жастардың патриоттық форумы өткізілді.
Жылды қорытындылау мақсатында өткізілген кеште Облыстық білім басқарма басшысы Мейрамбек Зинабдинұлы мен Облыстық кәсіподақ комитетінің төрағасы Г.Есқалиеваның «ҮЗДІК БІЛІМ БЕРУ ҰЙЫМЫ 2022» марапатымен М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледж ұжымы марапатталды. Бұның барлығы да барыс жылында жасалған берекелі жұмыстардың яки жетістіктердің бір бөлігі ғана. Еліміздің білім беру мен ғылымды дамытудың жаңа деңгейге көтерілуі, білім саласындағы жеткен жетістіктеріміз - ұстаздарымыздың нәтижелі еңбегі деп білеміз.
Құрметті бүгінгі салтанатқа жиналған қауым! Енді аз ғана күндерден соң, бәріміз де Жаңа жыл табалдырығын аттайтын боламыз.
Жаңа жылда баршаңызға мықты денсаулық, көтеріңкі көңіл-күй, ұжымның береке – бірлігін, отбастарыңыз бен жақындарыңыздың амандығын тілеймін! –, деп колледж басшысы Жақсыгүл Қоханқызы мерекемен құттықтап, ыстық лебізін білдірді.
Мерекелік көңіл-күй сыйлаған жиынға Аяз Ата мен Ақшақар қонақ болып, ақжарма тілектер айтылды. Сондай-ақ оқу орнында 50,60 жас мерейтой иелерін құттықтап, марапат иелеріна сыйлықтар табысталып, әсем ән шырқалды.