«БРЭЙН-РИНГ» ИНТЕЛЛЕКТУАЛДЫ САЙЫСЫ ӨТТІ

«БРЭЙН-РИНГ» ИНТЕЛЛЕКТУАЛДЫ САЙЫСЫ ӨТТІ

2023-02-13

    М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің «Филология» бөлімінің 1-курс студенттерінің ата-аналарымен «Брейн-Ринг» интеллектуалды сайысы өтті.

    Аталмыш жиын барысында бөлім меңгерушісі Гүлжанат Әлімжанқызы колледждің ішкі және сыртқы ережелерімен таныстырып, ортақ міндеттер, заманауи бастамалар, білім алушылардың жақсы маман болып шығуына ата-ана, оқу орны, қоғамның  ықпалы, тараптардың жауапкершілігі  жайлы түйінді пікірлер айтты.

    Ойынға белсенді жұмыс жасап келе жатқан 15-тен астам ата-аналар қатысып, 6 кезең бойынша сынға түсті. Алғашқы кезеңде білім сайысына қатысушылар 3 топқа бөлініп, логикалық сұрақтарға жауап берді. Екінші кезеңде «Қызықты жағдаяттар» сайысында қойылған сауалдарға жауап беріп, «Тәрбиенің тамыры салтымызда» кезеңінде салт-дәстүрлер жайлы сұрақтарға жауап берсе, әр командаға 5 сұрақтан берілді.

    «Брейн-Рингте» ата-аналардың ойын барысында қарсылас болуы олардың арасындағы сыйластық пен достықты қалыптастыруға, нығайтуға әрі білімдерін арттыруға бағытталды. Сонымен қатар, ойында қатысушы командалардың өкілдері барынша белсенділік танытып, қойылған сауалдарға нақты жауап беруге тырысты. Қатысушылар әдебиет, мәдениет, тарих салаларынан қара жаяу еместіктерін аңғартып, өз білімдерінің деңгейін анық көрсете алды.

    Жиналыс барысында ата-аналар көптеген сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптар алды, сонымен бірге колледждің оқу-тәрбие процесіне жақсы пікірлерін білдіріп, колледж басшылығы мен ұжымына табыстар тіледі.