М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінде «Отбасы – тәрбие бесігі» атты қыз тәрбиесі мен аналар үлгісін насихаттау барысында тағылымды сырласу кеші өткізілді.
Шараның негізгі мақсаты - өскелең ұрпақты жан-жақты дамытып, толыққанды тұлғаны қалыптастыру.
Сырласу кешіне өнегелі өмір жолын ұлт тәрбиесіне арнап, қазақ білім беру ісіне өзіндік қолтаңбасын қалдыра білген ардагер ұстаз, аяулы ана, асыл әже Салима Малимова, көп балалы ана, сонымен қатар ұстаздық жолын жолын абыроймен атқарып жүрген үлгілі жан Тұрар Жайшылыққызы, Сыр жастарының көшбасшысы, жас әке Серік Әбіл, колледж директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Гүлдана Маралбекқызы және топ студенттері қатысты.
Кездесуге қатысушылар қызу пікір білдіріп, қыздарға ақыл- кеңестерін айта отырып, қазақтың қызына тән болмысымызды жандандыруды жастарға ұғындыра білді. Сонымен қатар Салима Шалабайқызы, Тұрар Жайшылыққызы ұлттың болашағы аяулы қыздарымызға үлгі боларлық, ой саларлық, өткен мен бүгінді сабақтастырған , құндылығымызды арттырып, қыз бала тәрибесінде өзекті орын алар жәйттарды көркемдеп, қыздарға бақытты, іскер болудың құпиясын ашты.
Сырласу кеші барысында қазақ қыздарының ішкі жан дүниесінің сұлулығына, мәдениеттілігіне, әдептілігіне өзге жұрттар таңдай қағып қараса екен, қаракөздеріміз бұрымды шашымен, инабатты мінезімен, ақылдылығымен, кіршіксіз арымен әрқашан басқалардан ерекшелене білсе екен деген тілекпен өткізілген игі іс шара барысында аналар ақылын ортаға салып, даналығын көрсетсе, ертеңінен үміт күтер қыздарымыз ибалықпен тыңдай біліп, ақыл кеңесті ойға түйді.
Тағылымды кеште «Өнер» бөлімінің оқытушысы Қонақ Қарлығаштың орындауында «Аяулы ана», «Орда» дуэтінің орындауында «Алғыс» әндері шырқалып, кештің көркін кіргізді. Сонымен қатар қатысушы қыздарымыз сұрақтарын қойып, белсенді талқылау өткізілді.