Колледжімізде қазақ вальсінің королі атанған алты алаштың оң қолын жүрегіне қойғызып, ән салдырған халқымыздың ұлы композиторы Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығына арналған «Музыкалық білім беру» мамандығы МБ-В-21 оқу тобының студенттері мен ата –аналарының ұйымдастыруымен «Шәмші әлемі» атты әдеби сазды кеш өтті.
Кешіміздің мақсаты – әр қазақтың жүрек түкпірінен орын алып, ән әлемімізге жарық жұлдыздай сәуле шашқан вальс королі атанған Шәмші Қалдаяқовтың әндеріне шолу жасау, шығармашылық жолымен танысу.
Кештің басталуында МБ-В-21 оқу тобының 20 студентінен құралған «Өзгеден де ең сұлу» атты әнімен қойылым көрініс тапты. Сыршыл сазгердің өнер жолындағы жетістігі мен өшпес мұраларынан, өміріндегі қызықты оқиғаларынан сыр шертіліп, әндері шырқалды. Әдеби сазды кештің ерекшелігі – композитордың «Кешікпей келем деп ең», «Қайдасың», «Қайықта», «Отырардағы той», «Ана туралы жыр», «Сыған серенадасы», «Ақерке Ақжайық», «Әнім сен едің», «Дүнген қызы», «Шәмшіге арнау» сияқты халқымыздың сүйіп тыңдайтын әндерін студенттеріміз ата-аналарымен қоса шырқады. Қыздардан құралған вокалды топ «Сыр сұлуы» әнін шебер орындап, кештің көркін аша түсті. Шараның қорытынды сөзі «Өнер» бөлімінің меңгерушісі Рая Жайылханқызына беріліп, мерекелік шара үшін топ жетекшісі Сауле Исламқызы мен студенттердің ата-аналарына алғысын білдірді.
Кешке қатысқан көрермен қауым, топ студенттерінің өнеріне тәнті болып, өз ризашылықтарын білдірді. Осылайша ән көгінде жарқырай жанып, аққан жұлдыздай із тастап өткен дара тұлғаның артында қалған өшпес мұрасы бір жаңғырды.