АЛТЫНАЙ БЕРІКТІҢ «ХАЛҚЫМНЫҢ ЖҮРЕГІНЕ ЖЕТСЕ ДЕП ЕМ» КІТАБЫНЫҢ ТҰСАУКЕСЕР РӘСІМІ ӨТТІ

АЛТЫНАЙ БЕРІКТІҢ «ХАЛҚЫМНЫҢ ЖҮРЕГІНЕ ЖЕТСЕ ДЕП ЕМ» КІТАБЫНЫҢ ТҰСАУКЕСЕР РӘСІМІ ӨТТІ

2023-02-22

    М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінде жас ақын, ертегіші, ББ-Б-21 оқу тобының студенті Берік Алтынай Айбекқызымен кездесу өтті.

    Шараға колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Г.Исаева, «Бастауыш педагогикасы мен әдістемесі» бөлімінің меңгерушісі Ж. Маханова, топ жетекшісі Г.Наубетова, Алтынайдың әжесі Шолпан Еспаева және топ студенттері қатысты.

    Сыр елінен шыққан шығармашыл қыз ертегі жазып, өлең шығаруды жанына серік еткен. Жас ертегіші қазірде М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінде «Бастауыш пәні мұғалімі» біліктілігі бойынша білім алады. Шығармашылық жолы енді ғана бастау алса да, қазірге дейін «Ертегілер елінде», «Ертегілер», «Жас қанат» атты ертегілер жинағы шыққан. Республикалық, облыстық және өңірлік басылымдармен етене байланыс орнатып, туындылары газет-журнал, ғаламтор беттерінде жарық көріп келеді.  

    Кездесу аясында ертегіші қыздың жаңа туындысы «Халқымның жүрегіне жетсе деп ем» атты кітабының тұсау кесер рәсімі өтіп, бөлім меңгерушісі Жанат Жантұрсынқызы лентасын қиды. Осы арада, «Бастауыш педагогикасы мен әдістемесі» бөлімінің «Қуыршақ» театры Алтынайдың ертегілерінен көрініс қойып, «Жас толқын» үйірмесінің мүшелері ақынның қаламынан туған жыр шумақтарын тарту етті. Шараның соңы белсенді «Бенефис»шоуға ұласып, жастарымыз Алтынаймен еркін пікір алмасып, белсенді талқылау өткізілді.

    Кеш қонақтары жоғары деңгейде ұйымдастырылған шара үшін колледж басшысы мен колледж ұжымына жылы лебізі мен ризашылықтарын білдірді.