ЖАСТЫҚ ЖАЛЫНЫМЫЗ – СҮЙІКТІ ОТАНЫМЫЗҒА

ЖАСТЫҚ ЖАЛЫНЫМЫЗ – СҮЙІКТІ ОТАНЫМЫЗҒА

2022-05-05

Бүгін білім ұямызда Кеңес Одағының батыры М.Мәметованың туғанына 100 жыл және оқу орнының құрылғанына 90 жыл толуына орай «ЖАСТЫҚ ЖАЛЫНЫМЫЗ – СҮЙІКТІ ОТАНЫМЫЗҒА!» атты республикалық жастардың патриоттық форумы өтуде. Мерейтой аясындағы мерекелік шараға ҚР Білім және ғылым бірінші вице-министрі Шолпан Каринова, аймақ басшысының орынбасары Балжан Шаменова, өңірдің бас ұстазы Ақзира Қасымова және педагогика ғылымдарының докторлары Ботагүл Тұрғынбаева, Азия Жұмабаева, Жарқынбике Сүлейменова бастаған колледждің әр жылдардағы табысты, жұлдызды түлектері, ҚХА жанындағы аналар кеңесінің төрайымы, ҚР Мәдениет қайраткері Нәзипа Шанай, Оралдағы "Мәншүк" музейінің басшысы Ахмедияр Батырханов қатысты. Сонымен бірге Нұр-Сұлтан, Семей, Көкшетау, Жаркент, Орал қалаларынан әріптестер және студенттер, оқу орнының әлеуметтік серіктестері, БАҚ өкілдері, техникалық және кәсіптік оқу орындары басшылары, колледж оқытушылары мен студенттері, ата-аналар келді. 
 Жиынның ашылу сөзінде Шолпан Таңатқызы ұлағат ұясы ұжымын Мәншүктің ғасыр тойымен және оқу орнының тоқсан жылдық мерейтойымен құттықтап, білім шаңырағының еліміздегі білім саласының дамуы үшін бәсекеге қабілетті маман даярлап отырған алдыңғы қатарлы ұстаздар ұстаханасы екенін айтып өтті. Сонымен бірге 2000-жылдары ҚР Білім және ғылым министрі болған Шәмша Беркімбаеваның осы оқу орнының түлегі екенін айта келіп, бүгінгі білім алушыларға мақтаулы түлектердің сара жолын жалғайтын кәсіби маман болуды тіледі. 
Жиында аймақ басшысының орынбасары Балжан Шәменова  атаулы оқу орнының республикаға белгілі, беделді білім шаңырағы   екенін айта келіп, бүгінгі мерейтоймен құттықтады. Салтанатты шарада  Ақтөбе қаласынан келген  «Қос шынар: Әлия – Мәншүк» қоғамдық бірлестігі жетекшісі Ғалымжан Байдербес  қаһарман Мәншүктің ерлігінің бүгінгі ұрпаққа өнеге үлгі екенін, Мәншүк жастарына  батыр қыздың қайсар мінезін, табандылығын және отанға деген сүйіспеншілігін насихаттай келе, колледж ұжымын құттықтады. 
Сондай-ақ  Шолпан Танатқызы форумға қатысушы қонақтармен бірге «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» мамандығының «Дуалды оқыту алаңы», «Білім нұры» атты педагогикалық сабақтастық галереясы мен «Құзіреттілік орталығы», «Коркем енбек» шеберханасындағы кіріктірілген сабақтарға қатысып, колледждегі жас ғалымдардың  жаңа жобаларымен танысып, оқу ғимаратын аралады.  Сонымен бірге колледж ауласында орналасқан "Мәншүк" ескерткішіне естелік гүл қойылып, батыр қыз рухына тағзым жасалды. 
Айта кетейік, колледж ауласында ашылу салтанатынан бастау алған форум жұмысы «Достық» үйінде жалғасын тапты.