Білім ордасында Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесіне орай «Мектепке дейінгі тәрбие» бөлімінің ұйымдастыруымен «Тәрбие негізі-отбасы» атты қыз тәрбиесі мен аналар үлгісін насихаттау барысында отбасылық байқау өтті.
Шараның мақсаты – колледж өмірімен отбасы байланысын нығайту, ата-ананың бала тәрбиесіне деген көз қарасын қалыптастыру, бала тәрбиелеуде ата-ана рөлін арттыру, отбасында сыйластық, мейірімділік, татулық, адамгершілік сезім қалыптастыру. Ұлттық салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымызды, адамгершілік пен имандылықты қыз балалардың бойларына сіңіртіп, ұлтжандыққа баулып, өзінің тегін таныту.
Байқау шартына сәйкес қыз балалар өз аналарымен бірлесе отырып сайыс ережесіне сай бірнеше бағыт бойынша бақ сынасты. «Сәлем сөздің – патшасы» кезеңінде өздерінің отбасын таныстырып, «...Ана көрген тон пішер» кезеңінде қолданбалы өнер саласы бойынша қолөнер бұйымдарын жасай отырып, анаға, қыз баласына ақыл-кеңестер, өсиет сөздерімен қойылым қойып көрсетті. Сонымен қатар, «Білгенге маржан» сұрақ-жауап айдарында салт-дәстүрге қатысты сұрақтарға мүдірмей жауап берді.
Жан-жақты дайындықпен келген сайыскерлердің өнерін тамашалаған көрермен дән риза болып, қазылар алқасының шешімімен:
Тоқташовтар отбасы – «Шығармашыл отбасы»,
Өмірзақовтар отбасы – «Өнегелі отбасы»,
Зікіріовтер отбасы - «Берекелі отбасы»,
Мадияровтар отбасы – «Ұлағатты отбасы» номинацияларын иеленіп, отбасы құндылығын берік сақтап, өзгелерге өнеге болып жүрген отбасылар марапатталды.
Қазақ қыздарының ішкі жан дүниесінің сұлулығына, мәдениеттілігіне, әдептілігіне өзге жұрттар таңдай қағып қараса екен, қаракөздеріміз бұрымды шашымен, инабатты мінезімен, ақылдылығымен, кіршіксіз арымен әрқашан басқалардан ерекшелене білсе екен деген тілекпен өткізілген игі іс шара барысында аналар ақылын ортаға салып, даналығын көрсетсе, ертеңінен үміт күтер қыздарымыз ибалықпен тыңдай біліп, ақыл кеңесті ойға түйді.