Бүгін оқу орнымызда қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің 125 жылдық мерейтойын атап өту және ұйымдастыру бойынша іс-шаралар жоспарына сәйкес «Тарих.Тағдыр.Тұлға» атты рухани – танымдық шара өтті.
Мақсаты: Т.Қ.Жүргеновтің есімі тек қана қазаққа ғана емес, иісі түркі жұртына мәлім, Орта Азия мен Қазақстанға ортақ тұлға, аса көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, қаламы қарымды сыншы, көсемсөз иесі еңбектерін жас ұрпаққа таныстыру,қазақ мәдениеті мен тарихындағы еңбектерін насихаттау, есімін ұлықтау.
Танымдық шараға Т.Жүргенов қоғамдық қорының хатшысы Ә.Жұмағұл, Қызылорда облыстық тарихи өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі Э.Н.Сағитжанова, Қызылорда облысының мемлекеттік архивінің қызметкерлері А.Б.Әлиасқарова, А.Н.Елемесова және колледж оқытушылары мен студенттері қатысты.
Іс-шара барысында Т.Жүргенов қоғамдық қорының хатшысы Ә.И.Жұмағұл арда азамат туралы арнайы баяндама жасап, қайраткердің республика тарихында алар қоғамдық-саяси орны, қаламгерлік мұрасы, жас ұрпаққа берер өнегесі туралы кең ауқымда әңгімеледі. Сондай-ақ, колледжіміздің тарих пәнінің оқытушысы Н.Бегалиева Т.Жүргеновтің қайраткерлік, қаламгерлік, азаматтық болмысы жайында ой-толғамдарын тарқатып айтып берді.
Еліміздегі білім, ғылым, мәдениет саласының дамуына зор үлес қосқан тұлғаның қазіргі белгілі оқу орындар мен театрлардың іргетасын қалауына ұйытқы болуы, ұлттық интеллигенцияның кеңірек қалыптасуына сеп болғаны жайында сөз қозғалды. Сонымен бірге қайраткерлік, ғалымдық қиын да, қызықты жолы мен педагогикалық ұстанымдары, жеке өмірі, отбасы жөнінде тың мәліметтер ортаға шықты.
Шара соңында қазақ өнері мен білімін дамытуға үлкен үлес қосқан Темірбек Жүргеновтің тағылымы мол өнегелі ғұмырын кейінгі өскелең ұрпаққа кеңінен насихаттау мақсатында арнайы көрме ұйымдастырылып, облыстық музей қорындағы 60 жуық фотосурет мен архивтік құжаттары мен кітаптары қойылды.