Қызылорда қаласында педагогикалық жоғары колледжге есімі берілген Кеңес Одағының батыры М.Мәметованың 100 жылдық, оқу орнының 90 жылдық мерейтойы аясында «ЖАСТЫҚ ЖАЛЫНЫМЫЗ – СҮЙІКТІ ОТАНЫМЫЗҒА!» атты республикалық жастардың патриоттық форумы өтті. Мерейтой аясындағы мерекелік шараға ҚР Білім және ғылым бірінші вице-министрі Шолпан Каринова, облыс әкімінің орынбасары Балжан Шаменова, облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова және педагогика ғылымдарының докторлары Ботагүл Тұрғынбаева, Азия Жұмабаева, Жарқынбике Сүлейменова бастаған колледждің әр жылдардағы табысты, жұлдызды түлектері, ҚХА жанындағы аналар кеңесінің төрайымы, ҚР Мәдениет қайраткері Нәзипа Шанай, Оралдағы "Мәншүк" музейінің басшысы Ахмедияр Батырханов қатысты.
ҚР Білім және ғылым бірінші вице-министрі Шолпан Каринова форум жұмысы барысында Мәншүк жастарымен кездесіп, оқу орнының материалдық-техникалық базасымен танысты. Колледж ауласындағы ашылу салтанатынан басталған шара да концерттік бағдарлама өткізіліп, Мәншүк ескерткішіне тағзым жасалды. Оқу орнында оқытылатын 13 мамандық 23 біліктілік негізінде жасалған көрмеде оқытушылардың авторлық және әдістемелік жұмыстары, жас ғалымдардың жаңа жобалары, жетістіктер мен цифрлық білім беру бағдарламалары қонақтар назарына ұсынылды. Сондай-ақ «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» мамандығының «Дуалды оқыту алаңы», «Білім нұры» атты педагогикалық сабақтастық галереясы мен «Құзіреттілік орталығы», «Көркем еңбек» шеберханасындағы кіріктірілген сабақтары көрсетілді. Облыс әкімі Нұрлыбек Мәшбекұлының қатысуымен өткен форум отырысында «Информатика» мамандығының бітіруші курс студенті Руслан Бақбергенов цифрлық технологияға негізделген «ҮЙДЕН ОҚЫТУ: ВИРТУАЛДЫ СЫНЫП» тақырыбындағы жаңа жобасын ұсынды. Ғасыр тойына орай колледждің үздік, көшбасшы студенті Биназир Алиханқызына «Мәншүк» атындағы стипендия тағайындалды. Форумның үшінші бөлімі Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрында жалғасты. А.Мәметова мен Т.Әліпқалидың «МӘҢГІЛІККЕ МАЗДАҒАН ҚЫРШЫН ҒҰМЫР» кітабының желісімен жазылған мюзиклді оқу орнының жүзге жуық өнерпаз студенті сахналады. Қойылымда бала Мәншүктің жанұясы, балалық шағы, әкесі Ахметтің жазықсыз «Халық жауы» болуы, батыр қыздың бойжеткен шағы, қайсар мінезінің қалыптасуы айқын көрсетілген.
Мюзикл көрермендерге қатардан қыз болмысындағы әділдікті, мейірімділікті, отанға деген махаббатты және өмірге құштарлықты насихаттайды.