БАСҚАРМА БАСШЫСЫ КОЛЛЕДЖ ТҮЛЕКТЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ

БАСҚАРМА БАСШЫСЫ КОЛЛЕДЖ ТҮЛЕКТЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ

2023-04-21

    М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінде Қызылорда облыстық білім басқармасының басшысы Мейрамбек Зинабдинұлының қатысуымен «Жастар – мемлекетіміздің мәртебесі» тақырыбында бітіруші түлектермен еркін форматта кездесу өтті. Шараға Қызылорда облыстық білім басқармасының басшысы Мейрамбек Зинабдинұлы, колледж директоры Жақсыгүл Қоханқызы және Республикалық Worldskills чемпионатының, «Қазақстан Республикасы колледждерінің ТОП-100 студенті» республикалық байқауының жеңімпаздары, олимпиада, ғылыми жоба жүлдегерлері, спорт чемпиондары мен колледждің бітіруші түлектері қатысты.

    «Жастар – мемлекетіміздің мәртебесі» тақырыбы аясында өткен кездесу барысында М. Шермағанбет болашақ жас ұрпақтың қолында екенін айтып, білім басқармасы білімді жастарға, олардың идеялары мен ұсыныстарына әрқашан қолдау көрсететінін жеткізді.

    «Бәсекеге қабілетті маман даярлау – бүгінгі күннің басты талабы. Өйткені кез келген мемлекеттің әлеуеті білімді жастарымен өлшенеді. Сондықтан, өздеріңінен зор үміт күтеміз. Сіздер жаңа Қазақстанның дамуына аянбай үлес қосасыздар деп сенемін. Еліміздің алдында биік мақсаттар тұр. Ол белесті бағындыру жас ұрпақтың еншісінде», - деді сала басшысы.

    Еркін форматта өткен басқосуда М. Шермағанбет Президент бастамасымен білім саласында жүзеге асқан ауқымды реформалар мен педагог мәртебесі көтеруде қолға алынған тың бастамаларға тоқталды. «Соңғы жылдары ұстаз мәртебесін көтерудің барлық алғышарттары жасалып, материалдық ынталандыру аясы кеңейіп келеді. 2020 жылдан бастап жалақы еселеп артты. Осы жылы тағы 25 пайызға артты. Бұл – мұғалімдерді қолдаудың келесі бір нақты қадамы. Біз де өз кезегінде ұстаздардың беделін көтеру жұмыстарын лайықты жалғастыратын боламыз», - деді  М. Шермағанбет. Сонымен қатар, Мейрамбек Зинабдинұлы қатысушыларға білім сапасын көтеру, өңірдегі апатты мектептер мен үш ауысымды жою, «Жайлы мектеп» жобасы шеңберінде салынатын құрылыс нысандары жайлы кеңінен мәлімет берді.

    Қай уақытта да белсенділігімен ерекшеленетін оқу орнының студенттері кездесуде өздерін толғандырған сауалдарын қойып, жұмыс кестесінің тығыздығына қарамастан кездесуге келген басқарма басшысына ақжарма алғыстарын білдірді.

    Шара соңында басқарма басшысы жастарға ізгі тілегін арнап, студенттермен естелік суретке түсті.