
«7 мамыр - Отанқорғаушылар күні» мерекесі қарсаңында М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінде Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, жас ақын Мақсат Дауылбаймен «Жігіттерше жүздесу» атты рухани-танымдық кездесу кеші өтті.
Колледждің студент жігіттерінің бастамасымен өткен кешке арнайы қонақ ретінде ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, облыстық мәслихат депутаты Садық Мұстафа, журналист, ҚР Ақпарат саласының үздігі Дәурен Омаров, журналист, облыстық сайлау комиссиясының мүшесі Абай Тағыберген, «Жайдарман» жұлдызы, шоумен Нариман Саттаев, белсенді жас, «Самғау» жастар сыйлығының иегері Жомарт Кенжебаев, белсенді жас, облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ директоры Талғат Тілес, «Сенімен болашақ» РҚБ облыстық филиалының басшысы Шәкизат Қаратайұлы және колледж директоры Жақсыгүл Қоханқызы мен ер мұғалімдер қатысты.
Кеш барысында Мақсат Дауылбай рух көтеретін тұнық поэзиясын өлеңсүйер қауымға тарту етіп, отты жырларын оқып, колледж қабырғасында құрылған ансамбльмен, «Mamat» студенттер хорымен жанды дауыста ән шырқады. Кездесу барысында сөз бен саз үйлескен, қоғамдағы жігіттердің орыны мен міндеттерін сезіндірген, өскелең жас буын жігіттерге серпіліс сыйлаған танымдық кеште жастардың көтеріңкі көңіл-күйі, жалынды жастардың көздеріндегі шынайы ұшқыннан, жүздеріндегі сезіліп тұрған ерекше күйден-ақ байқалды.
Кездесу соңында колледж директоры Ж.Қ. Тоғанова қорытынды сөз сөйлеп, білім ордасының меймандары мен студент жігіттерін мерекемен құттықтап, білім ордасының атынан кеш қонақтарына естелік сыйлықтарын табыс етті.