
Білім ұямызда 7 Мамыр – Отан қорғаушылар күні, 9 Мамыр – Ұлы Жеңіс мерекесіне орай «ЖАСТЫҚ ЖАЛЫНЫМЫЗ – СҮЙІКТІ ОТАНЫМЫЗҒА» атты салтанатты мерекелік шара болып өтті.
Мерекелік шараға Қарулы күштерінің Құрметті ардагері, «Қарулы Күштерінің ардагерлері» Республикалық қоғамдық бірлестігі Қызылорда облыстық филиалының төрағасы, запастағы подполковник Ршауов Мыңділда Сағидуллаұлы, Қызылорда облыстық ауған соғысы ардагерлер ұйымының төрағасы Баймағанов Қайраддин мырза, Қызылорда облыстық тәжік ауған соғысы ардагерлер ұйымы төрағасы Марат Орынбайұлы, Ішкі істер саласының Құрметті қызметкері, полиция полковнигі, Қызылорда облыстық мәслихат депутаты Әмірбек Шәймағамбетов, 66597 әскери бөлімі штаб бастығының орынбасары, капитан Нұрахмет Сейдахметов және әскери оқытушылар қатысты.
Шараның алғы сөзі Қарулы күштерінің Құрметті ардагері, «Қарулы Күштерінің ардагерлері» Республикалық қоғамдық бірлестігі Қызылорда облыстық филиалының төрағасы, запастағы подполковник Ршауов Мыңділда Сағидуллаұлына беріліп, Мәншүк атын аялап, ерлігін ұрпақ жадына ұран етіп келе жатқан, бірлігі мен тірлігі жарасқан ұлағат ұясы ұжымын мерекемен құттықтап, бірқатар студенттерді «Алғыс хатымен» марапаттады. «Жас сарбаз» клубы мүшелері әскери сап түзеп, колледж ауласында орналасқан «Мәншүк» ескерткішіне естелік гүл қойылып, батыр қыз рухына тағзым жасалды. Сонымен бірге «Япурай» хор ұжымының(Жетекшісі: Сәуле Әбдіжәмілқызы) орындауында концерттік бағдарламаны тамашалап, әскери бөлімінің әскери іс-қимылдар мен жауынгерлік дайындықтың түрлерінен көрініс көрсетілді.