Батыр қыз атындағы білім ордасында «СЫР ЕЛІНІҢ ТҮЛЕГІМІЗ, ЖАРҚЫН БОЛАШАҚ ТІРЕГІМІЗ!» атты колледж бітірушілеріне арналған диплом тапсыру кеші өтті. Шарада 12 біліктілік бойынша 18 топтан 378 студент маман құжатын иеленіп, жаңа өмірге жолдама алды.
Бітіру кеші әр түрлі мамандық иеленіп, еліміздің түкпір-түкпіріндегі жетістікті шәкірттеріміздің қатарын толықтырғалы тұрған бітіруші түлектеріміздің жұлдызды шеруімен басталды. Салтанатты жиында Облыстық білім басқармасы техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің басшысы Б.Есенбаев, колледж директоры Ж.Тоғанова бітіруші студенттерге ақжолтай тілегін жолдап, үздік дипломдарды табыстады. Сонымен қатар, колледж директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Г.Бахадүрова жай үлгідегі дипломдарды табыстап, мамандық бойынша бітіруші түлектерді құттықтады. Әлеуметтік әріптестер атынан «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Басаров Әліби Төлепбергенұлы ЭЕТ-Е-19 тобының білім алушысы Серік Гүлназ Аманқызына жұмыс орнына жолдама ұсынды. Биылғы бітіруші түлектердің ата-аналары атынан сөз «Қазақстан Республикасы колледждерінің үздік 100 студенті» республикалық конкурс жеңімпазы, үздік диплом иегері Мұстафаева Гүлжанның әкесі – Мусилимов Әкімжан Мұстафаұлына беріліп, түлектерге өзінің жылы лебізін білдірді. Жарқын студенттік сәттер, мол мүмкіндіктер және колледж ұжымына сапалы білім мен тағылымды тәрбие үшін бітіруші түлектер атынан алғыс айтылып, ата-аналар зор ризашылық білдірді.
Колледжде білім алумен қатар шығармашылық қабілетін көрсете білген, қоғамдық жұмыстарда белсенділік танытқан, жетістіктер мен табыстарға жеткен бір топ бітіруші жастардың ата-аналары колледж директорының «Алғысымен» марапатталды. Жылдың қорытынды шарасында түлектер біліммен қатар тәрбиені де үйреткен оқытушыларына жылы тілектерін білдіріп, әрі қарай шағын концерт және студент жастарға арналған шоу бағдарламаға ұласты.
Ұлы даланың жасампаз перзенттері, батыр Мәншүк апаларының ізбасарлары өздері оқыған білім ордасының мерейін асырып, әрдайым жетістіктер биігінен танылады деп сенеміз! Жаңа Қазақстанның тірегі болар Сыр елінің жетістікті түлектерінің қатары көбейе берсін!