ӨМІРІ – ӨНЕГЕ, ҒҰМЫРЫ – ҒИБРАТ
М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінде
білікті басшылық қызметін атқарған ұлағатты ұстаз, ҚР еңбегі сіңген мұғалім Рысбекова Ұлмекен Ыбырайқызын
еске алуға арналған "Өмірі – өнеге, ғұмыры – ғибрат" атты рухани танымдық кеш өтті.
Ұлмекен Ыбырайқызы педагогикалық училищеде 35 жыл қызмет еткен, оның 28 жылында басшылықта болған білікті ұстаз. Шараға облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары Бектұр Асанханұлы, білім ордамызда ұзақ жылдар педагогикалық қызмет жасаған ардагер ұстаз Тоқмағанбетова Аякөз Асқарқызы мен білікті басшы тұсында білім алған Қойшыбаева Аманкүл Қойшыбайқызы, колледж директоры Тоғанова Жақсыгүл Қоханқызы, колледж оқытушылары мен студенттер қатысты.
Ғасырда дара туған ұлағатты Ұстаз Рысбекова Ұлмекен Ыбырайқызына арналған рухани танымдық кешімізді облыстық Білім басқарма басшысының орынбасары Бектұр Асанханұлы мен колледж директоры Тоғанова Жақсыгүл Қоханқызы ашып, ізгі лебіздерін білдірді.
Шара барысында "Қалдырған ізің мәңгілік" атты облыстық жыр мүшәйрасы өтті. Ұстаздықтың биік шыңы деп танылған Ұлмекен Рысбекова жайлы жазылған еңбектер мен айтылған пікірлер, лебіздер көптеп саналады. Солардың бірнешеуімен "Жас толқын" шығармашыл жастар үйірмесінің мүшелері ұлағатты тұлғаға арналған естеліктерін оқыды. Кеш барысында бейнеролик көрсетіліп, ардагер ұстаздар Ұлмекен Ыбырайқызы туралы жылы естеліктерімен бөлісті. Сонымен бірге "Өнер" бөлімінің оқытушылары ән- шашуларын тарту етті
Шара соңында мүшайра қорытындысы шығарылып, жеңімпаздар марапатталды.