Бүгін оқу орнымызда М.Мәметованың 100 жылдығы және оқу орнының 90 жылдығы аясында өткен «ЖАСТЫҚ ЖАЛЫНЫМЫЗ – СҮЙІКТІ ОТАНЫМЫЗҒА» тақырыбындағы республикалық жастардың патриоттық форумын қорытындылау жиыны өтті.
Аталған шараның арнайы қонағы Облыстық кәсіподақ ұйымының төрайымы Есқалиева Гүлнар Бабабекқызы ғасырға жуық тарихы бар ұстаздар ұстаханасын атаулы мерейтоймен құттықтай келе, республикалық деңгейдегі форум жұмысының жоғары деңгейде өткенін айтып өтті. Сонымен бірге колледж оқытушылары Ғалымжан Балтабаев пен Джусипбаев Дәуренге «Білім және ғылым» қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін төсбелгісін табыстап, бірқатар колледж оқытушыларын кәсіподақ ұйымының құрмет грамотасымен марапаттады.
Мәншүк атын аялап, ерлігін ұрпақ жадына ұран етіп келе жатқан, бірлігі мен тірлігі жарасқан оқу орны басшысы Жақсыгүл Қоханқызы сөз алып ұлағат ұясы ұжымын мерейтоймен құттықтай отырып:
Бүгін біз осынау мерейтой аясындағы жұмыстарды қорытындылап, болаттай бекіген бірлігіміздің арқасында өздеріңізбен қауышып отырмыз. Дана халқымыздың «Жалғыз ағаш орман болмас, Жалғыз кірпіш қорған болмас» деген аталы сөзі бар. Осынау айтулы шараны ауызбіршілікпен өткізуде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып жұдырықтай жұмылған ұжымның еңбегі зор. Осы ұжымда қызмет ететін әрбір оқытушы, студент пен қызметкердің оқу орнымыздың дамып, өркендеуінде өлшеусіз үлесі бар. Республикалық деңгейдегі форум жұмысында аянбай еңбек етіп, оқу орны абыройы үшін тер төккен әрбіріңізге алғысым шексіз! Республикалық деңгейдегі шараны жоғары деңгейде өткізуге атсалысқан колледж ұжымына зор алғысымды білдіремін, - деді
Қорытынды шара марапаттау сәтімен жалғасып форумда өнер көрсеткен барша өнерпаз студенттер колледж директорының Алғыс хатымен және жетекшілері Облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасымен марапатталды. «Моншақ» мюзиклында бала Мәншүктің және достарының рөлін сомдаған бүлдіршіндер мен ата-аналары да алғыс алаңында қошеметке ие болды. Сонымен бірге мерейтой аясындағы мерекелік шарада аянбай тер төгіп, жемісті еңбек еткен бірқатар оқытушыларға Облыстық білім басқармасының және колледж директорының Алғыс хаты табысталып, техникалық қызметкерлердің елеулі еңбегі үшін оқу орны басшысының Алғысы берілді.