М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінде 25 қазан – Республика күніне орай "Қыран елім – Қазақстаным!" тақырыбында салтанатты шара өтті. 2022 жылы маусым айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 25- қазан күнін – Республика күні-Ұлттық мереке ретінде бекітті. Республика күні – халықтың рухын көтеруге, мемлекеттілікті, бірлігіміз бен ынтымағымызды нығайтуға арналған жарқын мереке.
Шараға Қызылорда облыстық Білім басқармасының басшысы Есжанов Асқарбек Темірбекұлы, облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары Бектұр Асанханұлы, колледжге 37 жыл басшылық жасап, ұстаздардың ұстазы атанған Әлима Жақыпқызы, колледж директоры Тоғанова Жақсыгүл Қоханқызы, колледж оқытушылары мен білім алушылар қатысты.
Салтанатты жиында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы көтеріліп, ҚР Гимні орындалды. Ұлттық мерекеге арналған салтанатты кеште облыстық білім басқармасының басшысы Есжанов Асқарбек Темірбекұлы мен Әлима Жақыпқызы сөз алып, ізгі лебізін білдірді.
Шара барысында Халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаты "Япурай" хоры "Атамекен" әнін орындап, "Жас толқын" шығармашыл жастар үйірмесі ақындардың жырлаған жүрекжарды өлеңдерін нақышына келтіріп орындады. Салтанатты жиын "Нұргүл" халықтық ән-би ансамбілінің "Үкілі қыздар" мың бұралған биі мен "Жігер" квартеті орындауында "Қазақстаным" әні жастар биімен жалғасып, өнерпаздарымыз ән-күйден шашу шашып, көтеріңкі көңіл- күй сыйлады.
Біздің Отанымыз бір, мемлекетіміз бір, халқымыз бір! Тәуелсіздіктің қасиетті туы мәңгі желбіресін, еліміздің егемендігі нығая берсін!