ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР АРҚЫЛЫ ҰЛТЖАНДЫ ҰРПАҚ ТӘРБИЕЛЕУ

ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР АРҚЫЛЫ ҰЛТЖАНДЫ ҰРПАҚ ТӘРБИЕЛЕУ

2024-02-04

М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінде құндылыққа негізделген Біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында Қаңтар айы «Ұлттық код» айы болып бекітілді. Ұлттық құндылықтарды дәріптеу, насихаттау мақсатында «Өр тұлғалы батырлар – ұрпаққа бағдар» және «Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі» атты рухани-танымдық кеш өткізілді. Шара қонақтарды «қазақтың дастарханы» атты ұлттық тағамдар көрмесімен салтанатты түрде күтіп алумен басталып, өнерлі жас домбырашылар ансамблінің орындауындағы әсем әнмен ұласты. Шараға ата жолын жалғаған, термешілер мен жыраулардың ұрпағы, республикалық дәстүрлі әншілер байқауының арнайы жүлде иегері, жыршы Марат Сүгірбай және республикалық айтыстардың, жыр мүшайраларының жүлдегері, «Құрмет» ордені иегері ақын Мамыр Байдәулетов және БАҚ өкілдері, колледж оқытушылары мен студенттері қатысты.Тағылымды шара барысында құрметті қонақтарымызға сөз кезегі ұсынылды. Рухани-танымдық кеште қазақ хандығының бірнеше ғасырлық тарихында мемлекеттің тұрақтылығы мен тұтастығын сақтауда қазақ батырларының орны ерекше болғандығы, олардың елін қорғаудағы жеке ерліктері мен сарбаздарды бастаған қолбасшылық ерендігі халықтық жыр-дастандар арқылы ұрпақ жадында насихатталуы туралы кеңінен ақпараттандырылды. Білім алушылар да көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, сыр-сұхбатты одан әрі жалғастырып , қонақтарымызға жыр-шашуын ұсынды. Келесі бөлім колледждің оқу залында «Қыз тәрбиесі - ұлт тәрбиесі» атты рухани-танымдық кешімен жалғасын тапты. Оқу залында «Инабат»,«Көшбасшы қыздар, «Зере» қыздар клубының мүшелері қатысып, кештің қадірлі қонағы Сыр сүлейлерінің сарқыты, белгілі жырау, әйгілі Сәрсенбай жыраудың немересі, асыл жар, аяулы ана , дәстүрлі өнердің дарабоз иесі - Майра Сәрсенбаеваны күтіп алды. Майра Сәрсенбаева қыздарға келелі ойлары мен айтар ақыл-кеңестерімен еркін сұхбат өткізді. Білім алушылар қонақтарымызға арнап жүрек-жарды өлеңдерін оқып, ән- шашуларын тарту етті.