«Білім-Инновация» халықаралық қоғамдық қорына 30 жыл

«Білім-Инновация» халықаралық қоғамдық қорына 30 жыл

2024-02-05

«Білім-Инновация» халықаралық қоғамдық қоры биыл өзінің 30 жылдық белесін бағындырды. Осы қордың көмегімен ашылған «Білім-инновация» мектептерінен жылдар бойы мыңдаған түлек қанат қағып ұшып, білім кемесіне мініп, үлкен өмірлік сапарға аттанғанының куәсіміз. Осы мектептің түлектері жан-жақты тұлға болып қалыптасып, елдің өсіп-өркендеуіне үлесін қосып жатыр.
Білім мен тәрбие саласында отандық және халықаралық озық тәжірибеге сүйене отырып, бәсекеге қабілетті әрі үйлесімді дамыған тұлғаны қалыптастыру, адами капиталдың дамуына үлес қосу үшін ашылған мектептер өте жоғары нәтижелер көрсетіп келеді.
Қызылорда облысының білім беру жүйесінде ағылшын тілінде оқытуға кезең-кезеңімен көшуді ұйымдастырудың әзірленген өңірлік іс-шаралар жоспары бойынша, студенттерді ағылшын тілінде білім алуға даярлау бағытында, сонымен бірге мектептерді ағылшын тілінде дәріс беретін мұғалімдермен қамтамасыз ету бағытында облыс әкімдігі мен КАТЕV халықаралық қоры арасындағы 2015-2018 жылдарға арналған ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған болатын. Нәтижесінде М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінде 2015-2016 оқу жылынан бастап ағылшын тілін тереңдетіп оқыту арқылы мектептердегі негізгі пәндерді ағылшын тілінде оқытатын мұғалімдерді даярлау жобасы республикада алғаш рет пилоттық жоба ретінде қолға алынған болатын.
Бұл жоба бойынша колледждің «Негізгі орта білім беру» мамандығының «Математика мұғалімі», «Физика мұғалімі», «Информатика мұғалімі» біліктіліктері бойынша 1-2 курс студенттері Қызылорда қаласындағы №9, 10 облыстық дарынды балаларға арналған «Білім-инновация» лицейлері мұғалімдерінен ағылшын тілін тереңдетіп оқыды. Одан бөлек, осы жоба аясындағы тағылымдама нәтижесінде студенттер ағылшын тілін кіріктіре отырып, ашық сабақтар мен тәрбиелік шаралар өткізді. Материалдары облыстық «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасынан көрсетілді. Колледж студенттері үшін «Полиглот» орталығының Pre-intermediate, Elementary тіл үйрену курстары жүргізіліп, ағылшын тілді орта қалыптастыру мақсатында «Білім-инновация» Халықаралық қоғамдық қоры атынан «Reading» ағылшынша кітап оқу курсы өткізілді. Сонымен қатар, «Шет тілі» бөлім оқытушыларынан 2016-2017 оқу жылында 8 оқытушы Beginner; 2017-2018 оқу жылында 9 оқытушы Beginner, 7 оқытушы Elementary, 1 оқытушы Ұлыбритания мемлекеті Pre-Intermediate курсынан өтті және бітіруші топтары студенттеріне CLIL әдістемесі бойынша ағылшынша математиканы және ағылшынша физиканы оқыту курстары ұйымдастырылды.
Жетістікті мектептің ұстаздар тәжірибесін бөлісіп, білім мен тәрбие берудегі озық әдістерді машықтанушылардың бойына сіңіру мақсатында соңғы жылдарда 0111000 – «Негізгі орта білім» мамандығындағы 0111013 – «Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі» мұғалімі біліктілігі бойынша таңдаулы бітіруші курс студенттері №10 дарынды балаларға арналған облыстық "Білім-инновация" лицей-интернатында дипломға дейінгі тәжірибе жинақтаудан өтіп келеді. Машықтанушылардың ашық сабағына облыстық білім басқармасы басшысы қатысып, дайындық деңгейіне жоғары баға берді.
Біз алдағы уақытта да бәсекеге қабілетті, білімді және кәсіби білікті мамандар дайындауда Сіздермен ынтымақтастық байланысымызды жалғастыруға дайын екенімізді білдіреміз.