Ұлағат ұясына тағзым

Ұлағат ұясына тағзым

2024-03-14

«Өнер» бөлімінің «Ұлттық өнер – кемел келешек құндылығы» тақырыбындағы апталығы аясында «Ұлағат ұясына тағзым» атты шығармашылық кездесу өтті.

Аталған шараға колледж түлегі, республикалық, халықаралық конкурстардың лауреаты, «Даңк» орденінің иегері, облыстық филармонияның дәстүрлі әншісі – Қарғабаев Бағдаулет Әкімбекұлы және республикамызға танымал, халықаралық конкурстардың лауреаты «Ақмешіт» фольклорлық ансамблі, көркемдік жетекшісі Нұрбай Нұрғиса Жүрсінұлы қонақ болып қатысты.

Шығармашылық жиын аясында колледж түлегі Бағдаулет Әкімбекұлы студенттік жылдардағы жылы естелігімен бөлісіп, Жұлдызды түлек жүздесу кешінде «Ақмешіт» фольклорлық ансамблінің сүйемелдеуімен бірнеше әндер орындап, көрермен қауымды әсем әнмен сусындатты. Ұлттық аспаптар үнімен әуелеген ән, ұстаздардың ыстық ықыласы, шәкірттің алғаусыз алғысы төгілген жиын жас өнерпаздарға үлкен шабыт берді.

Шара соңында «Өнер» бөлімінің меңгерушісі Рая Жайылханқызы ұлағат ұясына қонақ болып келген түлекке және ансамбль ұжымына ризашылық білдіріп, колледж директоры атынан «Алғыс» пен сый-сияпат табыстады. Өз кезегінде Бағдаулет Әкімбекұлы барша білім берген ұстаздарына бас иіп алғыс айтып, «баян» пәнінен жеке сабақ берген ұстазы Избасаров Тұрмағамбет ағайға шапан жапты. Сондай-ақ жас ізбасарларына шығармашылық шың мен өнер жолында өрлеу тіледі.