Ұлттық салт дәстүр- ұрпаққа мұра

Ұлттық салт дәстүр- ұрпаққа мұра

2024-04-17

17 Наурыз - шаңырақ күні аталуына орай оқу орнымызда “Ұлттық салт дәстүр- ұрпаққа мұра” тақырыбында колледжішілік сайыс өтті.

Ұлттық салт-дәстүрді насихаттау мақсатында өткен бөлімаралық театрландырылған көрініс байқауына әр бөлімнен бір команда қатысып, түрлі қазақы салт-дәстүрлер бойынша көрініс көрсетті.

Атап айтсақ: “Шетел тілі“ бөлімі білім алушылары тұсаукесер рәсімін жасап, бүлдіршіннің тұсауын кессе, “Бастауыш педагогикасы мен әдістемесі” бөлімінің өнерлі жастары бесік той дәстүрін көрсетіп, балапанды бесікке салу шарасының ерекшелігі, маңызы, ұлттық құндылықтарға сай мәнін көрсетті. Өз кезегінде “Мектепке дейінгі тәрбие” бөлімі бойжеткенге сырға салу дәстүрін жасап, “сырғалым” атану түсінігінің мәнін ашып, “Филология” бөлімі сырғалымды ұзату дәстүрін жасап, қазақтың “қыз - жат жұрттық” сөзінің астарын аша білді. “Өнер” бөлімінің жас өнерпаздары жаңа түскен келіннің беташар дәстүрінен қойылым қойып, беташар сөзінің, жас келінге айтылатын өсиет пен ел-аймақты таныстырудың маңыздылығын айқындады. Той дәстүрінің кезегі бойынша “Дене тәрбиесі және спорт” бөлімі құдалық тойын жасап, көрерменге құда атану, төс қағыстыру, күйеу - жүз жылдық, құда - мың жылдық сөзінің мәнін түсіндірді. Ұлттың бойтұмарына айналған Наурыз мерекесінің тарихы, ерекшелігі, ұлттық құндылығын қойылым сюжетінде суреттеген “Физика, математика және ақпараттық жүйе” бөлімінің талантты жастары сайыс көркін қыздырды.

Тартысты шараның әділқазылары бағасына сай

1 орын - Мектепке дейінгі тәрбие

2 орын - Филология

3 орын - Физика, математика және ақпараттық жүйе бөлімі иемденіп, Шетел тілі - “Шығармашыл бөлім”, Дене тәрбиесі және спорт бөлімі “Ұйымшыл бөлім”, Өнер бөлімі

“Креативті бөлім” номинациясын иеленді.