ТӨРЛЕТ, НАУРЫЗ, ТӨРІМЕ!

ТӨРЛЕТ, НАУРЫЗ, ТӨРІМЕ!

2024-03-19

Бүгін М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжі ауласында Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесіне арналған «Төрлет, Наурыз, төріме!» атты мерекелік шара өткізілді. Шараға Облыстық білім басқармасының басшысы Есжанов Асқарбек Темірбекұлы, Облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы Каримова Қаламқас Арыстанқызы, облыстық «Әкелер кеңесінің» төрағасы Ержан Іскендірұлы және бірқатар әлеуметтік серіктестер қонақ болды. Сондай-ақ колледж ардагер ұстаздары, оқытушылар мен студенттер және ата-аналар қатысты.

Биылғы жыл елімізде Наурыз тойы тойлануының бір ерекшелігі – Наурызнама онкүндігінің өтуі. Аталған онкүндік аясында колледж көлемінде түрлі шаралар өткізілді. Атап айтсақ, «Ұлттық киім» челленджі, Наурызнаманың «жаңару» күні аясында ағаш егу дәстүрі және бүгін «Наурыз» тойы тойланды.

Шара барысында «Наурыз-Алас» рәсімі, «Ассорти» студенттер театрының сахналық қойылымдары, “Нұргүл” би ансамблінің билер топтамасы, «Япурай» хор ұжымының тойбастарымен басталды. Мерекелік қойылымдар легі «Филология» бөлімінің «Береке» ауылының «Бастаңғы» үлгісін көрсетуден басталып, «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» бөлімінің «Бірлік» ауылының «бесікке салу» дәстүрі, «Физика, математика және информатика» бөлімінің «Шаттық» ауылының «тұсау кесу» дәстүрі, «Бастауыш білім беру» бөлімінің «Думан» ауылының «қыз ұзату» дәстүрі, «Шетел тілі» бөлімінің «Мереке» ауылының «келін түсіру» салты көрінісімен жалғасын тапты. Бұл қойылымдардың басты ерекшелігі - ұстаз-студент-ата-ана үштігінің ынтымақтастығын, бірлігін арттырып, байланысын нығайту мақсатында аталған үштіктің бірге орындауында. «Өнер» бөлімі оқытушыларының өнерпаз шәкірттерімен бірге арнайы дайындаған мерекелік «өнер шашуы» көрермен назарына ұсынылды. Сондай-ақ ұлттық ойын түрлері насихатталып, асық ату, аударыспақ ойыны және қазақша күрес, садақ ату сынды бірқатар спорттық жарыстар өткізілді. Атап өту керек, аталған спорттық шараға облыстық «Әкелер кеңесінің» төрағасы Ержан Іскендірұлы демеушілік көрсетті.

Сахналық қойылым, қазақы нақышта безендірілген ауылдар мен түрлі салт-дәстүр үлгілері, алас рәсімі мен спорттық ойындар қамтылған шарада жиналған қауымға наурыз дәмі ұсынылып, наурыз көже таратылды.