Қарым-қатынас – адам іс-әрекетінің ауқымды саласы, ол өмір сүрудің, тыныс-тіршіліктің негізгі арқауы болып табылады. Адам тек сөйлеу арқылы ғана қарым-қатынас жасамайды. Ол айналасындағылармен түрлі ым-ишара, белгі, таңба арқылы да бір-біріне мағлұмат бере алады.
Оқу орнымызда “Бастауыш білім берудің педагогикасы мен әдістемесі” бөлімінің оқытушысы Айнұр Жетілгенованың “Тиімді қарым-қатынас - адамгершілік негізі” тақырыбындағы шеберлік сағаты өтті. Шараға директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлдана Исаева және әр бөлімнен оқытушылар келіп қатысты.
Аталған тәжірибе алаңында оқытушы өзінің жеке тәжірибесінен түрлі техникалар мен жаттығулар көрсетіп, қатысушыларды қанаттандырды. Отызға жуық ұстаз біріккен жиында ұжымдық қарым-қатынасты нығайтып, топпен жұмыс жасай алу қабілеттерін шыңдайтын “Шаңырақ көтеру” жаттығуы, топ ішіндегі ауызбіршілікті нығайту мақсатындағы “Шатыр” әдісі, бала бойындағы ашу, ыза, ренішті ішке сақтамай, эмоциясын еркін шығаруға үндейтін “Ашулы шар” тренингі және жасөспірімдер арасындағы келемеж, жеке басқа қолсұғушылық, мазақтау сынды жағдайлардың алдын алу үшін “Буллингке жол жоқ” тренингі мен көңіл күйді көтеру, жақсы дүниелер айтып, айналаға позитивті көңіл күй сыйлауды арттыратын “Сиқырлы қобдиша” жаттығуы жасалды. Қатысушы ұстаздар барлық ойын-жаттығуларына белсене атсалысып, шара соңында Айнұр Жетілгеноваға зор алғыстарын білдірді.