ПЕДУЧИЛИЩЕНІҢ ҚЫЗЫ САХНАҒА ШЫҚТЫ

ПЕДУЧИЛИЩЕНІҢ ҚЫЗЫ САХНАҒА ШЫҚТЫ

2024-05-05

ПЕДУЧИЛИЩЕНІҢ ҚЫЗЫ САХНАҒА ШЫҚТЫ

Бүгін колледж жанынан құрылған “АССОРТИ” студенттер театрының орындауында сырбойылық қаламгер, драматург-жазушы Сұлтанәлі Балғабаевтың “Педучилищенің қызы” шығармасы желісінде жазылған “Педучилищенің қызы” мюзиклі сахналанды. Осыдан тура бір жыл бұрын журналист, әдебиеттанушы ғалым Бауыржан Омарұлының қарымды қаламгер Сұлтанәлі Балғабаевтың туындысына арнаған “Педучилищедегі қыз және Біз” жазбасына куә болған колледж директоры Жақсыгүл Қоханқызы шығарма авторына қолқа салып, батасын берсе сахнаға алып шығуға ынталы екенін жеткізген. Аталған әңгіме желісіндегі шығарманы сахна қойылымына айналдыру бастамасын шығарма авторы да қолдап, өнерпаз жастарға батасын берді.

Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ драмалық театрда қойылған қойылымға Облыстық білім басқармасы басшысы Асқарбек Есжанов, бірқатар қоғам белсенділері, бақ өкілдері, колледж ардагер ұстаздары, оқу орны түлектері, ата-аналар мен студенттер көрермен болды.

ХХ ғасырдың 60-70 жылдарындағы жастар арасындағы мөлдір махаббатты суреттеген туындыда, сол уақыттағы педучилищенің тыныс-тіршілігі, халықтың әлеуметтік ахуалы көрсетілген. Жазушы әңгімесінен театр сахнасына беттеген туынды көрерменін алуан түрлі сезімге бөлеп, көпшілікті жастық шақтың естеліктерімен қуантты. Аэропорттағы кездейсоқ екеудің диалогынан басталған сюжет күріштіктегі жастар жиынына ұласып, күлдіре отырып мұңайтып, кездесу мен қоштасу сәттерінің маңызын көркем жеткізген тұстарда көмейге тас тығылғандай көңілсіз де күйге түсірді. Сахна шымылдығы түрілгеннен бір деммен тамашалаған көрермендер мюзикльдің соңғы сәттерінде өнерпаздар өнеріне тәнті боп, түрегеп тұрып ұзақ қол шапалақтады. Сахналық қойылым соңына жетсе де, көпшіліктің ыстық ықыласы зал ішін шуға бөледі.

Өнер – өлшеусіз әлем. Осы бір көркем әлемде көрнекі дүние жасауға ұмтылып,

көрерменіне тың туындымен қауышқан өнерпаздар өнері өрге жүзіп, шығармашылық шабыты шарықтай берсін деп тілек білдіреміз!

Өнерге деген құрмет, өнерпазға қолдау таусылмасын!