«БАЛА ТӘРБИЕСІ – ОРТАҚ МІНДЕТ» тақырыбында 1 курс студенттерінің ата-аналар жиналысы өтті

«БАЛА ТӘРБИЕСІ – ОРТАҚ МІНДЕТ» тақырыбында 1 курс студенттерінің ата-аналар жиналысы өтті

2024-09-23

Әрбір жетістігін өткен күннің еншісіне санайтын, жаңа істің бастау бұлағы ретінде білім мен өнер саласына білікті де білімді жас мамандар даярлайтын оқу ордасы 2024-2025 жаңа оқу жылын жаңа белестермен қарсы алды. Ашық аспан астындағы, колледж ауласында ұйымдастырылған жиналыс оқу орнының жетістіктер көрмесін тамашалаумен басталды.
Колледж әкімшілігінің ұйымдастыруымен жасалған ата-аналар жиналысына колледж директоры Ж.Тоғанова, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Г.Бахадүрова, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Г.Исаева, Жастар ісі жөніндегі инспектор М.Ниязов пен колледж психологтары Ж.Уалибекқызы, Ұ.Жұматай және бөлім меңгерушілері, топ жетекшілері қатысты.
Колледж директоры Тоғанова Жақсыгүл Қоханқызы колледждің әкімшілік құрамымен, материалдық-техникалық базасымен таныстырып өтті. Ата-ана, колледж бен студенттерден құралған үштік одағымыз мықты болғанда алар асуымыз биік болатындығы жайында, ата-аналарды тәрбиенің темірқазығы болып саналатындығы туралы көптеген өмірлік мысалдар келтіре отырып түсіндірме жасады. Колледж басшысы жасөспірімдерді тәрбиелеуде бірлесе жұмыс жасауға шақырып, күн тәртібіндегі сұрақтар бойынша жауап берді.
Сондай-ақ директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Г.Бахадүрова 2024-2025 оқу жылының І жартыжылдығынан бастап оқу процесінің жүргізілу жүйесімен, білім алушы үлгірімі мен стипендия тағайындау ережелерімен таныстырып өтті.
Директордың тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Г.Исаева ата-аналарды жаңа оқу жылымен құттықтап, білім алушыларға сәттілік тіледі. Сонымен бірге «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» бойынша тәрбие жоспары және Студенттің ішкі тәртіп ережесімен таныстырды. Студенттер үшін жүргізілетін тәрбие бағытындағы шаралар оқу процесімен қатар жүргізіліп, студент жастардың тәртібі, бос уақытын тиімді ұйымдастыру маңыздылығына тоқталды.
Колледж психологтары Жанат Уалибекқызы мен Ұлжан Арысқызының «Бала тәрбиесіндегі ата-ананың рөлі» тренингіне ата-аналар белсене қатысты, балаға қолдау көрсету, сенім білдіру маңыздылығына мән берілді.
Жиналыс соңы ата-аналарға арналған концерттік бағдарламаға ұласты.