Кітап – адамзат баласының баға жетпес асыл құндылығы. Білім мен мәдениеттің биік белестеріне жетелейтін – тәрбие құралы. Шығыс ойшылы Науаи: «Кітап – ақылына ақы сұрамайтын ең құнды қазына» десе, Абай атамыз «Танымның бар тамашасы – кітапта, оған қол жеткізу үшін кітап оқудан жалықпа», «Артық ғылым кітапта, ерінбе оқып көруге» деп насихаттайды. Мағыналы сөздерден кітап оқудың кез келген тұлғаны дамытудың қайнар көзі екенін түсінесің. Кітап оқу баланың бос уақытын тиімді ұйымдастырумен қатар адамның ой-өрісін кеңейтіп, білімін арттырады.
Осы мақсатта «Балалар кітапханасы» бағдарламасы аясында М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжі «Мектепке дейінгі тәрбие» бөлімі мен кітапхана қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Отбасыммен оқимын» отбасылық сағаты өтті. Шарада МДБ-Т-22, МДБ-Т-23, МДБ-Қ-23, МДБ-Қ-24 топ студенттерінің отбасымен оқыған кітаптарын оқырмандарға ұсынды. Оқу сағатында білім алушылар өздерінің бос уақыттарын тиімді іспен, кітап оқумен өткізгендіктері туралы әңгімеледі. Кейбірі тарихи роман кітаптарын оқыса, енді бірі халқымыздың этнографиялық энциклопедиясы тәрізді аса құнды, қазақ руханиятының қазынасы туралы кітаптарын оқығандықтары туралы сөз қозғады. Кітап – сарқылмайтын қазына, кітап оқып жүрейік!