А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде колледждің “АССОРТИ” студенттер театры мен “ХАРИЗМА” вокалдық тобының “БӘРІМІЗ ДЕ БІР ДӘУІРДІҢ ЖАСТАРЫ ЕДІК” тақырыбындағы оқу жылын қорытындылау концерті өтті. Өнерпаз жастардың жылды қорытындылау кешіне Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық музыкалық драма театры ұжымынан және қалалық “ЖАСТАР” театрынан бірқатар актерлер мен актрисалар келді. Сондай-ақ “Рухани жаңғыру” орталығының бөлім басшысы Ш.Қаратайұлы, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Г.Бахадурова, тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Г.Исаева және колледж оқытушылары, студенттер және ата-аналар көрермен қатарын толықтырды. Шығармашылық жиында “Біз де перваш болғанбыз” комедиялық қойылымы және “Поколение” спектаклі сахналанып, “Харизма” вокалдық тобы бірнеше әндер орындады. Студент жастардан құралған қос өнер шаңырағы сынаптай сырғыған уақыттың ең әдемі кезеңі студенттік күндердің қызығын, ерекше естеліктерін, айқын мақсаттан тұратын асқақ армандар мекені екенін түсіндіре білді. Сахна төріндегі әр қойылым көрермен жүрегіне жетіп, жанарға жас, езуге риясыз күлкі сыйлады. Шара соңында директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Г.Бахадурова оқу мен тәрбие процесін қатар алып, талантын шыңдап жүрген әр өнерпазға алғыс білдіріп, сәттілік тіледі. Сондай-ақ колледж әкімшілігі атынан “АССОРТИ” студенттер театрының және “Харизма” вокалдық тобының бітіруші түлектеріне арнайы сый-сияпат сыйлады. “Рухани жаңғыру” орталығының бөлім басшысы Ш.Қаратайұлы қос шаңырақтың жетекшілеріне Қызылорда облысы әкімдігі, Қоғамдық даму басқармасының арнайы Алғысын табыстады. “АССОРТИ” студенттер театрының жетекшісі, бітіруші түлек Б.Ешмұратов қолдау білдіріп келген көрермен қауымға ризашылығын білдіріп, алдағы уақытта театр тізгінін ұстайтын жаңа жетекші мен қоюшы режиссердің есімін атап, ресми түрде жариялады. Аз уақытта көп көрерменнің көңіліне жылылық ұялатып, жүрегіне жол тапқан қос өнер шаңырағы ұжымына шығармашылық жолда жетістіктер, кәсіби өрлеу тілейміз!