М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінде оқу-әдістемелік бөлім «Жасанды интеллект және цифрландырудың заманауи трендтері» тақырыбында цифрлық сауаттылық сағатын ұйымдастырды.
Шеберлік сағатында информатика пәні оқытушылары Турехожаева Шолпан мен Аманбаева Гүлгүл жасанды интеллект мүмкіндіктерін сабақты жоспарлауда қолданудағы тәжірибелерімен бөлісті.
Қазіргі заманда білім беру саласында жасанды интеллекттің (ЖИ) мүмкіндіктерін қолдану үлкен өзектілікке ие болуда. Жаңа технологиялардың, соның ішінде ЖИ-дің жедел дамуы оқытуды жетілдіруге, тиімділігін арттыруға және сабақтың мазмұнын жаңартуға мүмкіндік береді. Мұғалімдер сабақ жоспарын құруда көбіне уақыттың көп бөлігін материалдарды іздеуге, оқушылардың білім деңгейін анықтауға және жеке қажеттіліктерін ескеруге жұмсайды. ЖИ технологиялары арқылы бұл процестерді автоматтандырып, оңтайландыруға болады, яғни мұғалімдерге уақытты үнемдеп, сабақ мазмұнын байытуға және оқушылардың қажеттіліктеріне сәйкес бейімдеуге көмектеседі. Білім алушылардың оқу нәтижелеріне әсер ететін жеке тәсілдер мен дифференциацияларды қолдану да ЖИ көмегімен жүзеге асады, себебі ЖИ әр оқушының жеке ерекшеліктерін, мықты және әлсіз жақтарын ескеруге мүмкіндік береді.
Шеберлік сағатында Dale-3 бағдарламасының мүмкіндіктерімен таныстырып, шынайы бейнелерді жасай алуға, Quiver қосымшасы арқылы оқуды қызықты ұйымдастыруға болатындығы көрсетілді. ЖИ арқылы сабақтың негізгі мақсаттары мен міндеттерін қалай жақсартуға болатынын талдап және оны жүзеге асырудың мүмкіндіктері туралы түсіндірілді.