ПЕДАГОГИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖ ҰЖЫМЫ «ҰСТАЗ» ФИЛЬМІН ТАМАШАЛАДЫ.

ПЕДАГОГИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖ ҰЖЫМЫ «ҰСТАЗ» ФИЛЬМІН ТАМАШАЛАДЫ.

2024-12-23

Ұстаздық жолдың қиындығы көп болғанымен, қызығы да аз емес. Өзге мамандықтардан ерекшелігі - бұл мамандықты жай ғана таңдап алып, еңбек ету мүмкін емес. Бұл мамандық өмірді мұғалім ретінде сүруді талап етеді. Қандай жағдай болмасын, ол жағдайға мұғалім ретінде қарайсың. Нағыз ұстаз балалардың бойындағы қасиеттері мен қабілеттерін дамыту үшін оның жүрегінің есігін ашатын кілттерді іздеумен болады. Мамандық таңдауда ұстаз мамандығын таңдаған жандарда “Дұрыс таңдадым ба? Бұл мамандық маған арналған ба?” деген сұрақтар туындайды.
Осындай сұрақтардың жауабындай боларлық, Белгілі журналист Бейсен Құранбектің идеясымен түсірілген «Ұстаз» атты фильмді білімнің қара шаңырағы саналатын педагогикалық колледж ұстаздары тамашалап көрді. Фильм соңында ұстаздар қауымы талқылау жасап, өмірден алынған жағдаяттары қамтылған, шынайылығымен тәнті еткен фильм туралы өз пікірлерін ортаға салды. Оқу орнының басшысы Жақсыгүл Қоханқызы фильмнен керемет әсер алғандығын, алдағы уақытта педагог мамандығын таңдаған білім алушыларға кесте бойынша фильмді көрсету қажеттілігін атап айтты.
Актерлер жақсы іріктеліп таңдалған, өз рөлдерін керемет сомдаған, кейіпкерлердің мінезі толығымен жеткізілген, олардың жеткен жетістіктері көрермендеріне де қуаныш әрі мамандығына деген мақтаныш сезімін сыйлады.
Туындыда өз ауылына қайтып ұстаздық ете бастаған мұғалімнің бастан кешкен оқиғалары баяндалады. Жас маман балалардың білімге деген құштарлығын ояту үшін түрлі тәсілдер қолданады. Оқушылардың арман-мақсатқа жетуіне шабыттандырады. Қоғамдағы педагог мәртебесін өсіруді мақсат етуді ұстанған фильмді ұстаздар қауымы жақсы қабылдады.