«ҚАРЫЗСЫЗ ҚОҒАМ»: ОЛИМПИАДА ЖЕҢІМПАЗДАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ

«ҚАРЫЗСЫЗ ҚОҒАМ»: ОЛИМПИАДА ЖЕҢІМПАЗДАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ

2025-04-20

«AMANAT» партиясының «Қарызсыз қоғам» партиялық жобасы аясында Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің ұйымдастыруымен «Қаржылық қауіпсіздік және тұтынушылардың құқықтарын қорғау» тақырыбында колледждер мен жоғары білім беру ұйымдары студенттері арасында облыстық олимпиадаға Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті, Қызылорда «Болашақ» университеті, Қызылорда ашық университеті, Orda жоғары колледжі, Қызылорда аграрлық - техникалық жоғары колледжі мен М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжі студенттері қатысып, 3 кезең бойынша бақ сынады.
1-ші кезеңде студенттер «Алаяқтық схемаларды қалай тануға болады?», «Уәде көп, пайда жоқ: Қаржы пирамидасының құпиясы», «Саған біреу ақша аударды ма?», «Қаржылық алаяқтықтың заманауи түрлері», «Қаржылық сауаттылық – заман талабы» тақырыптарында эссе жазды.
Екінші кезеңде ғылыми жобаларын қорғап, онан соң викториналық сұрақтарға жауап беріп, бақ сынады.
Үш кезеңнің қорытындысы бойынша қазылар алқасының шешімімен жеңіске жеткен командаларды «AMANAT» партиясының облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов партия филиалының арнайы Алғыс хаты және қаржылай сертификаттармен марапаттады.
«Қаржылық қауіпсіздік және тұтынушылардың құқықтарын қорғау» тақырыбындағы олимпиада Сіздердің қаржылық сауаттылықтарыңызды арттыруға, жеке қаржыларыңызды басқаруға қаржылық қауіпсіздік пен құқықтарыңызды білуге ықпал етті деп есептейміз»,- деді қатысушыларды құттықтау сөзінде партияның облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов.
Олимпиада қорытындысы бойынша жүлделі екінші орын М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің оқытушысы Ахметова Лаура Қуандыққызының жетекшілігімен «Мәншүк жастары» командасына бұйырды.