Ұлағат ұясында 1 наурыз – Алғыс айту күніне орай «Бастауыш педагогикасы мен әдістемесі» және «Физика, математика және ақпараттық жүйе» бөлімдерінің ұйымдастыруымен «Бүгінгі күннің батырлары» атты кездесу кеші өтті.
Шараның мақсаты – студенттерге бейбіт күннің батырларымен сұхбаттасу арқылы оларды адамгершілікке, бауырмалдыққа, патриотизмге тәрбиелеу. Сонымен қатар азаматтық көзқарас, рух қалыптастыруға ықпал ету.
Шараға Қызылорда облысы Ауған соғысы ардагерлерлер кеңесінің төрағасы Қайриддин Баймаханов, колледж түлегі, бүгінгі күннің батыры Данияр Қауышқан, «Бастауыш педагогикасы мен әдістемесі» бөлімінің меңгерушісі Жанат Маханова, колледж оқытушылары мен топ студенттері қатысты.
Ерлік жасау мамандық пен сала таңдамайды. Кездесу бейбіт замандағы батырларды таныстыру және олардың ерлігін қастерлеп, жас буынға насихаттау мақсатында азаматтарды қауіп-қатерден, қайғылы оқиғалардан қорғап жүрген, мыңдаған адам өміріне араша түскен маман иелеріне арналды. Тағылымды кездесу барысында Қайриддин Баймаханов сұрапыл соғыс жылдардағы жауынгерлердің басынан кешкен қиындықтары жайында айтып беріп, сонымен қатар сәбиі бар бесікті өрттің ортасынан аман алып шыққан Данияр Қауышқан оқыс оқиға кезінде тек адам өмірін сақтап қалуды мақсат еткенін баяндады.
Білім алушылар бүгінгі күннің батырларымен ашық сұхбаттасып, кеш қонақтарының ерлігін елге кеңінен насихаттауды, олардың әр ісін үлгі етуді мақсат ететіндерін айтты. Кездесу барысындағы қойылған сұрақтар, берілген жауаптар, жастардың көтеріңкі көңіл-күйі, жалынды жастардың көздеріндегі шынайы ұшқыннан, жүздеріндегі сезіліп тұрған ерекше күйден-ақ байқалды. Топ студенттері кеш қонақтарына ерекше көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, шара мерекелік ән шашуға ұласты. «Бүгінгі күннің батырлары» атты кездесу кеші ББ-Б-20К оқу тобының «Алғыс» әнімен қорытындыланды.
Ендеше, отансүйгіш жастарымыз бен елім деп ерлікке дайын азаматтарымыз көп болғай!