«МОНШАҚ» МЮЗИКЛЫ САХНАЛАНДЫ

«МОНШАҚ» МЮЗИКЛЫ САХНАЛАНДЫ

2022-05-05

    М.Мәметованың 100 жылдық және оқу орнының 90 жылдық мерейтойы аясында өткен «ЖАСТЫҚ ЖАЛЫНЫМЫЗ – СҮЙІКТІ ОТАНЫМЫЗҒА» республикалық жастардың патриоттық форумы Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрында жалғасты.
Театр сахнасында батыр қыздың ғасырлық мерекесіне орай «МОНШАҚ» қойылымы көрермен назарына ұсынылды. А.Мәметова мен Т.Әліпқалидың «МӘҢГІЛІККЕ МАЗДАҒАН ҚЫРШЫН ҒҰМЫР» кітабының желісімен жазылған мюзиклге ҚР Білім және ғылым бірінші вице-министрі Шолпан Каринова, өңірдің бас ұстазы Ақзира Қасымова және республиканың әр өңірінен келген форумға қатысушы мәртебелі меймандар мен жастар, колледж оқытушылары мен студенттер келді. 
    Оқу орнының жүзге жуық өнерпаз студенті сахналаған қойылымда бала Мәншүктің жанұясынан жырақтап, жаңа отбасына бейімделуі, туған ата-анасындай қамқор болған Ахмет пен Әминаның аманатты арқалауы, батыр қыздың бойжеткен шағы, қайсар мінезінің қалыптасуы айқын көрсетілген. Бар арманынан бас тартып «Халық жауы» атанған әкесін ақтап алу үшін күресі, өмірінің ең тәтті тұсының сұрапыл соғыспен қатар келуі және әкесіне жағылған жалған жаланы ақтап алу үшін майданға өз еркімен аттануы сахналық қойылымның ең басты оқиғалары. Ерлермен қатар тізе қосып, қайсарлықпен қазақ тапқан қаһарман қыз болмысындағы әділдік, мейірім мен сүйіспеншілік, өмірге шексіз құлшыныс қасиеттері жастарға үлгі ретінде насихатталды. 
    Бір сағаттан аса уақытта көрермен қауымды Мәншүктің бейбіт өмірдегі  балалық шағына, қамқорлыққа толы отбасына, әкесінің еріксіз жала арқалап кеткен сәтіне және майдан даласында ертіп жүргендей күй сезілді. Зал толы жиылған жұрт қойылымның әр сәтінен ерекше әсер алып, жанардағы жасқа ерік берді. Сезімдерді тербеп, жан дүниені толқытар сәт сыйлаған мюзикл соңында қалың көрермен шығармашылық топқа үздіксіз қол соқты. 
Қойылым соңында Облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Бақтыбайқызы мюзиклден алған ерекше әсерімен бөлісіп, колледж ұжымына және өнерпаз жастарға алғыс білдірді.  Жайық даласынан келген делегация мүшесі, «Мәншүк» музейінің басшысы Ахмедияр Батырханов педагогикалық колледж студенттерінің кәсіби актерлермен бірдей өнер көрсетіп, театр сахнасында суда жүзген балықтай еркін өнер көрсеткеніне таңданысын жасырмады. Сондай-ақ ғасырлық той аясында осындай ерекше сәт сыйлаған ұлағат ұясы ұжымына зор ризашылығын білдірді. Колледж басшысы Жақсыгүл Қоханқызы сөз алып, қойылым режиссеры Медет Ағабыловқа, пьесаны жазған Аққорған-Жандос Мейірханға және шығармашылық топ ұжымына бас иіп, алғыс айтты.