Бүгін оқу орнымызда 22 наурыз – Ұлыстың ұлы күніне арналған «Берекелі, Әз Наурызым, қош келдің» атты мерекелік шара өткізілді. Мерекелік салтанатқа колледж басшысы Жақсыгүл Қоханқызы, колледж ардагерлері, ұстаздар, студенттер, техникалық қызметкерлер, ата-аналар, БАҚ өкілдері қатысты.
Шараның мақсаты- ұлттық мерекенің тарихи, философиялық, этнографиялық мазмұнын танымдық көрмелер, сазды-хореографиялық қойылым, тақырыппен сабақтас ән, билер арқылы жан-жақты аша отырып, жас ұрпақты Ұлы Дала елінің ұлттық құндылықтарына құрметпен қарауға, оны заманауи жаңғыртуға тәрбиелеу.
Мерекелік шара қонақтарды салтанатты түрде күтіп алумен басталып, қонақтар кірген сәтте «Балбырауын» күйі орындалды. Мұнан соң Наурыз мерекесінің философиялық, рухани мәнін ашатындай «Наурыз-мейрам» атты әдеби сазды, хореографиялық қойылыммен жалғасты. Мерекелік жиынның алғашқы құттықтау сөзінде колледж басшысы Жақсыгүл Қоханқызы жиылған қауымды жаңа жылдың бастауымен құттықтап, жылы лебізін білдірді. Сондай-ақ, бірқатар колледж оқытушылары Қызылорда облысы білім басқармасының Құрмет грамотасымен және Алғыс хатымен марапатталды.
Колледждегі әрбір оқу бөлімі Наурыз мерекесінің мәнін ашатындай ақ шатырлар құрып, ішін этнографиялық үлгіде сән – салтанатымен безендіріп, көріністер жасап, салт – дәстүр, Наурыз жоралғыларынан көрсетілімдер, қойылымдар ұсынды. Концертте «Өнер» бөлімі оқытушыларының өнерпаз шәкірттерімен бірге арнайы дайындаған мерекелік өнер шашуын тамашалап, қазақтың халық әндері, заманауи мерекелік, патриоттық әндері орындалды.
Ардагерлерге арналған «Наурыз дастарханы» жайылып, ерекше құрмет көрсетіліп, сонымен қатар «Наурыз – сый» жасалды. Ардагерлер ұжымға ризашылықтарын жеткізіп, баталарын берді.
Тіршілік атаулыны тірілтіп, табиғатты түлеткен, барша халықтың бауырластығына арқау болған Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мейрамы құтты болсын!