Бүгін 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай педагогикалық жасақтардың жазғы тәжірибеге дайындық іс-тәжірибесі аясында «Әрқашан күн сөнбесін» атты ашық аспан астында мерекелік шара өткізілді.
Мерекелік іс-шараның мақсаты – студенттік педагогикалық отрядтардың қозғалысын дамыту, кәсіби құзыреттілігін арттыру. Балаларды жазғы демалыс уақытында сауықтыру, демалу жұмыстарының жүйесін ұйымдастырудың сапасы мен тиімділігін арттыру.
Батыр қыз атын иеленген қасиетті шаңырақта колледж әкімшілігі үнемі жастарды қолдап, әр ісінде демеу көрсететінін мақтанышпен айта аламыз. Шараның алғы сөзі колледж директоры Тоғанова Жақсыгүл Қоханқызына беріліп, бүгінгі мерекеде балаларды құттықтап, жазғы лагерьде тәжірибе жинақтағалы тұрған «Педагогикалық отряд» мүшелеріне сәттілік тіледі.
Келесі кезекте Қазақстан халқы ассамблеясының бастамасымен «Балалық шақ әлемі қандай ғажап» атты Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған «TIK-TOK MIX» флешмоб биі көрермен назарына ұсынылып, «ГОЛД» жастар камералық хорының орындауында «Бақыт деген сенің бала күндерің» әні шырқалды.
Бүгінгі жайдары мереке күні «Жазғы лагерьге дайындық» оқу практикасының ашылу салтанаты өткізіліп жатқаны да қуанышты сәттің еселене түсуі десек болады. Жазғы лагерге аттанғалы тұрған машықтанушы, студенттік педагогикалық отрядтар атынан оқу үздігі, облыстық, республикалық байқаулар жеңімпазы Нұрлыбекқызы Ақмаржан Ант беру үшін ортаға шақырылып, шара барысы жазғы лагерге баратын машықтанушылардан құралған «Педагогикалық отрядтар» шеруіне ұласты.
Мерекелік іс-шара аясында:
«Филология» бөлімінің ұйымдастыруымен «Х – 0» ойын-сауық шоуы,
«Дене тәрбиесі» бөлімі ұйымдастырған «Road to Records!» спорттық эстафеталар жарысы,
«Физика, математика және ақпараттық жүйе» бөлімі ұйымдастыруымен «Үздік суретші» байқауы,
«Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» бөлімі ұйымдастырған «Басқатырғыш Калейдоскоп» квест ойыны,
«Өнер» бөлімі ұйымдастырған «Кел, шырқайық» ән байқауы,
«Бастауыш білім беру» бөлімі студенттерімен «Шабыт алаңы» асфальтқа сурет салу байқауы,
«Шетел тілі» бөлімі топтарымен «Ал, кәнекей, тәлімгер!» байқауы.
Әр бағыттағы сайыстарда кішкентай өнерпаздар әсем әннен шашу шашып, тақпақ айтып, әдемі би де биледі. Қылқаламды серік еткен суретші балалар бақытты балалық шақ, жанұя және табиғат тақырыптарында суреттерді сөйлетті. Сайыс барысында балалардың есепке жүйріктігі және спортқа бейімділігі одан әрі артты.
Балалардың төл мейрамына арналған шаралар соңында жеңімпаз бүлдіршіндер анықталып, өз өнерімен ерекше көзге түскен жас өнерпаздар да оқу орны басшысының Алғыс хатымен және арнайы сый-сияпаттармен марапатталды. Сондай-ақ, мерекелік жиынға қатысқан барлық балаға балмұздақ таратылды.