ҮЛКЕНДЕР ЖОЛЫ – ҰЛЫЛЫҚ, ҰРПАҒЫ ЖҮРЕР ҰҒЫНЫП
Білім мен ғылымның қайнар көзіне бастар ұстаздар мерекесіне орай ардагер ұстаздардың қатысуымен "Үлкендер жолы-ұлылық, ұрпағы жүрер ұғынып" тақырыбында мерекелік әдеби-сазды кеш өткізілді. Салтанатты шараға қоғам қайраткері, колледжге 37 жыл басшылық жасап, ұстаздардың ұстазы атанған Әлима Жақыпқызы және телегей теңіз рухани қазынаны бір бойына сыйғызып, ұстаздықты жалықпай жанына серік еткен Сәлима Шалабайқызы қонақ болып, колледж директоры Тоғанова Жақсыгүл Қоханқызы мен бірқатар оқытушылар қатысты.
Кездесу кешіміздің алғашқы сөзі колледж директоры Жақсыгүл Қоханқызына беріліп, ізгі лебізін білдірді. Сондай-ақ, саналы ғұмырының басым бөлігін шәкірт тәрбиесіне, білім саласына қызмет етуге арнаған және адамгершілігімен айналасына сыйлы бола білген аяулы ұстаздарымыздың еңбегін бүгінгі жас ұрпаққа үлгі етті. Салтанатты жиында Әлима Жақыпқызы мен Сәлима Шалабайқызы ұстаздық қызмет еткен жылдарындағы естеліктерімен бөлісіп, жоғары деңгейде ұйымдастырылған шара үшін колледж ұжымына жылы лебізі мен ризашылығын білдірді. "Жас толқын" жас ақындар үйірмесі ардагер ұстаздарға арналған жүрекжарды арнау өлеңдерін оқып, "Өнер" бөлімінің талантты өнерпаздарының орындауында "Ұстазым" әні шырқалды.
Бүкіл саналы ғұмырын ел игілігіне арнаған, білім дәнін себуде мамандығына адалдық таныта білген ардагер-ұстаздарымызға мың алғыс!