КҮЗ ХАНЗАДАСЫ МЕН ХАНШАЙЫМЫ
17 қараша - Студенттер күніне орай Оқу орнымызда әр бөлімнің ханзадасы мен ханшайымының өнерін, білімін және креативтілік қасиеттерін сарапқа салған "КҮЗГІ БАЛ-2023" сайысы өтті.
Жеті бөлімнен қатысқан жеті түрлі жұп түрлі кезеңдер бойынша бақ сынап, өнерлерін ортаға салды. Кестелі сөзбен өрнектеп, тың идеялар арқылы мағыналы бейнероликтер түсіріп ата-тегін, туған жері жайлы айтып, таныстырылым сайысында сынға түсті. Байқаудың шартына сәйкес келесі кезеңде қатысушылар қоғамдағы ең өзекті мәселелерді көтерген бейнероликтерін көрермен назарына ұсынды. Кез-келген мәселенің шешімін сабыр мен ақылдан іздеуге насихаттайтын бейнероликтер зиянды әрекеттер және тағдырдың кейбір сәтсіз тұстары туралы бірқатар тақырыптарды көтерген. "Cosply show" кезеңінде жұптар өз қалаулары бойынша бес минуттан аспайтын номер дайындады. Бірге ән шырқап, әуен аясында бейнекөріністер де көрсетті. Соңғы бөлімде жұптардың білімділік деңгейін бағалау үшін ел тарихы, салт-дәстүр, қазақ әдебиеті тақырыбын қамтыған сұрақтарға мүдірмей жауап бергендер де, сыннан сүрінгендер де болды. Үш кезеңді қамтыған күзгі бал сайысына "Жастар шығармашылығын және бұқаралық спортты дамыту" бөлімінің басшысы Тоғжан Есенгелдіқызы, кітапхана меңгерушісі Зульфия Пазылова және ұйымдастырушы педагог Айбибі Жәнібек төрешілік етті. Қазылар алқасының шешімімен: "Шетел тілі" бөлімі Ахметова Мубина мен Әділбек Ерсұлтан "ЖАРАСЫМДЫ ЖҰП", "Өнер" бөлімі Абай Нұрсәт және Дүйсенғали Жібек "ІЗДЕНІМПАЗ ЖҰП", "Бастауыш білім берудің педагогикасы мен әдістемесі" бөлімі Абдрахман Балнұр мен Истанбаева Асемай "ЖҰЛДЫЗДЫ ЖҰП", "Дене тәрбиесі және спорт бөлімі" Жардемхан Айқын мен Махмуд Аяулым "ИНТЕЛЛЕКТУАЛДЫ ЖҰП", "Физика, математика және ақпарат" бөлімі Тілеубеков Темірлан мен Ұлмамбет Ақтоты "КРЕАТИВТІ ЖҰП", "Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту" бөлімі Асылбек Жасұлан мен Әрібжан Гауһар "ӨНЕРЛІ ЖҰП" номинацияларын иеленіп, "Филология" бөлімі Зейнулла Диас пен Ғаниқызы Гүлсая "КҮЗ ХАНЗАДАСЫ МЕН ХАНШАЙЫМЫ" атанды.