Бүгін оқу орнымызда Қызылорда облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы сарапшылық топтың жұмыс жоспарына сәйкес 31 мамыр - Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орайластырылған дәріс өтті.
Аталған шараға Қорқыт Ата атындағы ҚУ "Тарих" кафедрасының аға оқытушысы, педагогика ғылымдарының магистрі, ҒСТ мүшесі Бақытжан Ахметбек, колледждің "Әлеуметтік-экономикалық пәндер" ПЦК-ның бірқатар тарихшы мамандары және бірінші курс студенттері қатысты.
Дәріс аясында шара қонағы Бақытжан Ахметбек зұлмат жылдар зобалаңы өткен тарихи жылдар естелігін парақтап, 1927-1953 жылдары елімізде 125 мыңнан аса адам қуғын-сүргінге ұшырағандығын және олардың 25 мыңы ату жазасына кесілгендігі туралы айтып өтті. Сондай-ақ аймақ көлемінде осындай ату жазалары орындалған орындарды да атап өтті. Саяси қуғын-сүргін құрбандарының жазықсыз жалаға ұшырауы мен олардың отбасының көрген қиындығы, сол жылдардағы тұрмыстық қиыншылықтар, елдегі ахуал төңірегінде біршама мәліметтерге тоқталып өтті.
Білім алушылар дәріс соңында қанша жанның жазықсыз жала арқалап, беймезгіл қаза табуына себеп болған саяси оқиғалар және оның біздің өлкеміздегі көрінісіне қатысты сауалдарын жолдап, сала мамандарымен пікір алаңын құрды.