Ұлттық өнер - кемел келешек құндылығы

Ұлттық өнер - кемел келешек құндылығы

2024-03-14

«Өнер» бөлімінің «Ұлттық өнер - кемел келешек құндылығы» атты апталығы аясында қалалық балабақша музыка жетекшілерімен бірге «Музыка мамандарын даярлаудағы заманауи білім беру технологиялары» тәжірибе алмасу алаңы өтті.

Шараға «Бегім-ана» бөбекжай -бақшасының музыка жетекшісі Ақзира Еспенбетова, №8 «Бүлдіршін» балабақшасының музыка жетекшісі Бибігүл Жұмабекова, «Ханшайым Ана» балабақшасының музыка жетекшісі Зульфия Исабаева және «Өнер» бөлімінің меңгерушісі Рая Жайылханқызы, бөлім оқытушылары мен студенттері қатысты.

Музыка пәні оқытушылары мен білім алушыларына арналған тәжірибе алмасу алаңында "Бегім ана" бөбекжай-бақшасының музыка жетекшісі Ақзира Еспенбетова студент жастарды қатыстыра отырып "Музыкалық киіз үй ойындары" тақырыбында түрлі практикалық ойындар көрсетті. Музыка ырғағына ілесе отырып, бастапқы жүрістен бастап, музыка тыңдау, ән салу, аспапта ойнау сияқты музыка құрылымдарын ойын арқылы ұйымдастырды. Ойын барысында АКТ технологиясын кеңінен қолданылып, балалардың музыканы тыңдай білу, бір үндестікте ән салу, ырғақты сезімдерін қалыптастыру дағдыларын жетілдіруге бағытталған "Сипатын ажырат", "Ән-айтыс" "Қара, оқы, ойна" ойындарын көрсетті.

Бибігүл Жұмабекова "Түймелер", "Тамшылар құрбылар", Массаж", "Пингвиндер", "Құлыншақ боп шабамыз" т.б. ойындары мен сергітулерін, А.Зацепиннің "Көктем вальсін" белсенді тыңдау шарасын ұйымдастырды. Бұл жұмыстар барысында балалар ырғақты, әуеннің сипатын сезінуге, мәтінді түсініп орындауға, образдық бейнелерді бере білуге, ұжымдық іс-әрекетке қалыптасады. Шығармашылық қиялдары дамып, қимыл-қозғалыстары ширайды, қызығушылықтары артады. Тез жатталатындықтан бірге қосылып орындау арқылы тілдері дамиды, үндестікте ән салу дағдылары жетіледі.

Зульфия Исабаева өз кезегінде түрлі аспаптың көмегімен балалардың жеңіл моторикасын дамытуға бағытталған, түстерді ажыратуға, ырғақты түсінуге және сергітуге бағытталған ойын түрлерін көпшілік назарына ұсынды.

Аталған оқытушылардың жеке тәжірибесінен алынған ойындар, сергітулер білім алушылардың қатысуымен көрсетіліп, балабақша жасындағы бала психологиясының сипаты, даму ерекшеліктері, жеке қабілеттерін анықтау бойынша бағытталған ақпараттар айтылды.