Бүгін оқу орнымызда ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕ АҚ қолдауымен «ЖАҢАРУ» Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс РҚБ-нің Қызылорда облыстық филиалының ұйымдастыруы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы кезекті кездесу шарасы өткізілді.
Мақсаты – жастар арасында сыбайлас жемқорлық көріністерінің кез-келген жағдайына мүлдем төзбеушілік қағидасын және аталған мәселе бойынша белсенді азаматтық ұстаным қалыптастыру.
«Жастардың бойында сыбайлас жемқорлыққа қарсы сананы қалыптастыру жөніндегі іс-шаралар кешенін жүргізу» атты әлеуметтік жоба шеңберінде ұйымдастырылған жиынға «ЖАҢАРУ» РҚБ-нің облыстық филиал басшысы Кажденбек Баймаханов және орынбасары Азамат Алдамбергенұлы, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департамент орынбасары Берік Байқожаев, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департамент бас мамандары Рашид Ғаниұлы және Жанар Қозбағарова, Қоғамдық даму басқармасының заңгері Айсана Айбергенова, «Жас Отан» ЖҚ басшысы Медет Жорабек пен Қорқыт Ата атындағы ҚУ жастар саясаты бөлімінің басшысы Жанар Баймұрат арнайы келді. Сондай-ақ колледж директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Гүлдана Исаева мен бірқатар колледж оқытушылары, студент жастар қатысты.
Жоспарлы жиында аймақ көлеміндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы жасалып жатқан жұмыстар, өңір жастарының жұмысқа орналасу мәселесі, өскелең ұрпақ бойында аталған мәселеге қарсы иммуниет қалыптастыру бағытындағы іс-шаралар таныстырылды. Сондай-ақ оқу орындарында орналасқан сенім жәшігі, ректор және директор блогы, студенттер сауалнамасы секілді бірқатар жұмыстардың көрсеткіші талқыланды. Аталған тақырып бойынша видеролик көрсетіліп, студент жастар шара қонақтарына көкейде жүрген сауалдарын қойды.