Облысымызда Рахима Қаржаубайқызының бастамасымен «Қызылорда облысы бойынша әйелдер күштері Альянсы» қоғамдық бірлестігі мен М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжі ынтымақтастықты нығайту мақсатында әріптестік меморандумға қол қойды.
Шараға «Қызылорда облысының әйелдер күштері Альянсының» төрайымы Ахметова Рахима Қаржаубайқызы, «Қызылорда облысының әйелдер күштері Альянсының» саяси көшбасшылық мектебінің басшысы Бихожа Сәрсенкүл Байдешқызы, қалалық маслихат депутаты Мусабаева Айгүл Нажмадинқызы, Сырдария аудандық мәслиханың депутаты Ибадуллаева Динара Дүйсенбекқызы, оқу орны басшысы Тоғанова Жақсыгүл Қоханқызы, колледж оқытушылары және «Көшбасшы мектебі» клубының қыздары қатысты.
«Көшбасшы мектебі» клубының мақсаты – қыз балалар бойындағы көшбасшылық қасиетті дамыту, зияткерлік және тұлғалық даму, интеллектуалдық деңгейін арттыру. Жиында аймақтық Аналар кеңесі төрайымы Рахима Ахметова бүгінгі қыздар ертеңгі әйел-аналардың қоғамдағы рөлі, қыз балалардың бойындағы көшбасшылық қасиеттің маңызы туралы кеңірек айтып өтті.
Білім ордасының бірлескен әлеуметтік жобасы болып табылатын «Көшбасшы мектебі» қыздар клубы 2 жылдан бері жұмыс жасап келеді. Сондай-ақ, «Көшбасшы мектебі» ұйымына білім ордасындағы 30 студентіміз мүше. Оқу орнымыздың қазақтың батыр қызы – Мәншүк есімінде болуы да біздер үшін мақтаныш, әрі үлкен жауапкершілік. Рахима Қаржаубайқызы бастаған облыстық Аналар кеңесі осы жұмысымызды бір жүйеге келтіріп, ауқымын кеңейтіп оны насихаттауға үлкен қолдау жасап келеді. Осы орайда «Көшбасшы мектебі» клубының мүшелері де клубтың ашылғанына ризашылықтарын білдіріп, өздерінің ұсыныстары мен алдағы жоспарларымен бөлісті.
Тағылымы мол шарада колледж басшысы Жақсыгүл Қоханқызы ұлттық құндылықтар дәріптеле түсетін аталмыш шараның маңыздылығын атап өтіп, қонақтарымызға колледж тарихы, ұлағатты ұстаздардың еңбек жолы жайлы «Білім шамшырағы» және «Ерлік шамшырағы» атты кітаптарын тарту етті.
Танымдық кеште колледжіміздің «Өнер» бөлімінің оқытушылары қонақтарымыздың құрметіне әннен шашу шашты. Кеш қонақтары әлеуметтік әріптестік үшін колледж басшысы Жақсыгүл Қоханқызы мен колледж ұжымына жылы лебізі мен ризашылықтарын білдірді.
Заман талабына сай қиындығы мен қызығы қатар жүретін отбасы және қызмет жолдарын шебер үйлестіре жолатын апаларымен кездесу - біздің қызғалдақтай құлпырған қыздарымызға ұмытылмас өнегелі сәт болары анық.